АХҚО Жасыл қаржы орталығы қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық аспектілерін тиімді пайдалану жолдары тақырыбында вебинар өткізді
АХҚО Жасыл қаржы орталығы Unicase және Haller Lomax заң фирмаларымен бірлесе отырып «Қоршаған ортаны қорғаудың құқықтық аспектілері және оларды тиімді пайдалану жолдары» тақырыбында вебинар өткізді.
Вебинардың спикерлері ретінде Haller Lomax заң фирмасының Серіктесі, Арман Бигазин, және Unicase заң фирмасының аға заңгері, Нурлан Кубенов қатысты. Вебинарда Қазақстан Республикасының 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін қажетті құқықтық шаралар талқыланды.
Нурлан Кубенов Қазақстан қол жеткізуі тиіс мақсатты көрсеткіштер, климаттың өзгеруі саласындағы саясатты жүзеге асырудағы жетістіктер мен мәселелер туралы айтты, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының, Киото хаттамасы және Париж келісімінің талаптары Қазақстанда қалай орындалып жатқандығы туралы ақпаратпен бөлісті.
Жұмыс тобының мүшесі болған және Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексін әзірлеуге қатысқан тәуелсіз сарапшы Арман Бигазин Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне енгізілген маңызды өзгерістер мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы негізгі талаптар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, спикер жаңа кодексті әзірлеудің алғышарттарына тоқталды, нормаларға салыстырмалы талдау жүргізді және заңнамадағы негізгі жаңалықтар, қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері, экологиялық рұқсаттар, залал және жауапкершілік туралы айтып берді.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.
АХҚО миссиясы – өңірдің тұрақты ұзақмерзімді дамуына жәрдемдесу. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа бола алады». www.aifc.kz
АХҚО Жасыл қаржы Орталығы бұл Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржыны дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Негізгі мақсат – жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендтік қаржы құралдары арқылы тұрақты экономикаға инвестициялар тарту. Бұдан басқа, АХҚО Жасыл қаржы Орталығы өңірлік талдау орталығы бола отырып, үкіметтерге, квазимемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлерге жасыл қаржы және тұрақты даму саласындағы стратегиялық және бизнес-консультациялар береді. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторлар мен нарық ойыншыларына АХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығаруға дайындық мәселесі бойынша алғашқы көмек көрсетеді. www.gfc.aifc.kz