АХҚО Жасыл қаржы орталығы Бішкек қаласында филиал ашады
АХҚО Жасыл қаржы орталығы Бішкекте «GFC Bishkek» филиалын ашады. Тиісті келісімге Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А. Ә. Смайылов пен Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинетінің Төрағасы А. У. Жапаровтың қатысуымен Қазақстан-Қырғыз Үкіметаралық кеңесінің 10-шы отырысы шеңберінде қол қойылды.
GFC Bishkek бұл АХҚО Жасыл қаржы орталығының бірінші шетелдік кеңсесі. Компанияның Қырғызстандағы бірлескен акционерлері «Айыл Банк» ААҚ, «Қырғыз қор биржасы» ЖАҚ, сондай-ақ «Қырғызстан банктерінің одағы» ЗТҰ болды.
GFC Bishkek құруға Жасыл қаржы орталығы акционерлерінің бірі болып табылатын Еуразиялық даму банкінің алдын ала жұмысы ықпал етті. ЕАДБ-ның Қырғызстандағы өкілдігінің директоры Нұрлан Акматов Қырғыз Республикасының мемлекеттік органдарымен, соның ішінде Қырғызстан Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары Бақыт Торобаевпен келіссөздер процесін ұйымдастырды. Кездесу барысында Банк пен АХҚО-ның Қырғызстан Үкіметімен өзара іс-қимылы, оның ішінде жасыл қаржыландыру нарығын дамыту мәселелері талқыланды.
ЖҚО филиалы тұрақты (жасыл, әлеуметтік, тұрақтылықпен байланысты және ESG) облигациялар мен кредиттер шығаруға қолдау көрсетеді; Қырғыз Республикасының компаниялары мен ұйымдарына бизнесті дамыту және оңтайландыру жөнінде консультациялық қолдау көрсетеді; инвестициялар тарту жөнінде қызметтер көрсетеді, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқа да құралдары мен қызметтерін ілгерілетеді.
Алдағы уақытта филиал АХҚО-ның барлық қызметтерін өңірлік нарықта ілгерілету алаңына айналады деп жоспарлануда.
Болашақта «GFC Bishkek» инвесторларды іздеу және құрылатын индустриялық сауда-логистикалық орталықта инвестициялық мәмілелерді құрылымдау процесіне, сондай-ақ «Бішкек Сити» қаржы-инвестициялық кластерін құру жобасына қатысатын болады.
«GFC Bishkek» құру – бұл Қырғызстан мен Орталық Азия өңіріндегі «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамытудың және өңірлік ілгерілетудің жаңа кезеңі.
Анықтама:
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекiтiлуi болып табылады.
АХҚО Жасыл қаржы орталығы бұл Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржыны дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Негізгі мақсат-жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендтік қаржы құралдары арқылы тұрақты экономикаға инвестициялар тарту. Бұдан басқа, АХҚО жасыл қаржы орталығы өңірлік талдау орталығы бола отырып, үкіметтерге, квазимемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлерге жасыл қаржы және тұрақты даму саласындағы стратегиялық және бизнес-консультациялар береді. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторлар мен нарық ойыншыларына АХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығаруға дайындық мәселесі бойынша алғашқы көмек көрсетеді.