AIX биржасында I-REC жаңартылатын энергия көздері сертификаттарымен алғашқы мәміле жасалды

Astana International Exchange (AIX, Биржа) биржасында I-REC (International Renewable Energy Certificate) жаңартылатын энергия көздері сертификаттарымен сауда-саттық басталды. 

1000 сертификатты сатып алу бойынша алғашқы мәміле қазақстандық жаңартылатын электр энергиясын өндіруші «Samruk-Green Energy» ЖШС мен Valor Carbon лондондық трейдингтік фирмасы арасында жасалды. 

I-REC жаңартылатын энергия сертификаттарының ерікті нарығының халықаралық көшбасшыларының бірі және 50-ден астам елде қолданылады. Сертификаттар энергияның жаңартылатын көздерден алынғанын растайды. ECOJER қауымдастығы верификациялайтын бұл сертификаттар 2024 жылдың қыркүйегінде AIX-тегі жауапты қаржыландыру өнімдерінің қатарына енгізіліп, биржадағы алғашқы экологиялық құрал атанған болатын.

Әсел Мұқажанова, AIX басқарма төрағасы: «Экологиялық құралдармен сауда жасауға деген қызығушылықтың артуын ескере отырып, AIX өз қатысушылары үшін мүмкіндіктерді кеңейтті. Біз платформамызда I-REC сертификаттарымен сауда жасауға мүмкіндік беретін ресми аккредитацияға қол жеткіздік. Қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша он шақты компания ғана осындай аккредитацияға ие. Бұл жаңашылдық қазіргі қатысушылар арасында экологиялық құралдарға деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, AIX биржасына жаңа компанияларды тартады деп күтілуде».  

АХҚО әкімшілігінің өнімдер жөніндегі бас директоры Данияр Келбетов: «I-REC жаңартылатын энергия көздері сертификаттарымен сауда жасау платформасының іске қосылуы біздің көміртегі ізін азайту жөніндегі орнықты және нарықтық шешімдерге деген бейілдігімізді көрсетеді. Біздің орталық көміртегі шығарындылары саудасымен байланысты басқа да экологиялық өнімдерді енгізу мақсатында жетекші халықаралық ұйымдармен белсенді жұмысты жалғастырады. Ерікті нарықты дамыту – АХҚО-ға өңіріміздің орнықты дамуына өз үлесін нығайтуға мүмкіндік беретін және халықаралық нарықтармен интеграцияға ықпал ететін жаңа бағыттардың бірі деп санаймыз».

«Самұрық-Энерго» АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Алмасби Қамалов: «I-REC жасыл сертификаттарымен сауда жасауға арналған биржалық алаңның құрылуы еліміздегі жаһандық экологиялық күн тәртібін дамытудағы қисынды қадам. I-REC сертификаттарымен сауда жасаудың биржалық тетігі мәмілелердің ашықтығын арттырып қана қоймай, энергетика секторының дамуына оң әсер етеді. Біз АХҚО-ның осы бағытты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз».

«Samruk-Green Energy» ЖШС бас директоры Долқын Исламов: «Елдің жаңартылатын энергетиканы дамытудағы зор әлеуеті болашақта жасыл қаржыландырудың және жасыл сертификаттар саудасының дамуына алып келеді. Осы тұрғыда Samruk-Green Energy Қазақстан нарығы үшін I-REC сертификаттары сияқты жаңа құралмен биржалық сауданы дамытудың бастауында тұруға қуанышты», – деп атап өтті.

Valor Carbon Орталық Азиядағы директоры Нұржан Аспандияр: «Valor Carbon – көміртегі нарықтары мен I-REC саудасына маманданған халықаралық компания. Біз AIX-тегі пилоттық сауданың бөлігі болғанымызға қуаныштымыз, өйткені бұл өңірдегі климаттық қаржы нарығын дамыту үшін маңызды қадам, өйткені AIX – I-REC және басқа да орнықты активтермен сауда жасауға арналған инфрақұрылымды ұсынатын Қазақстандағы алғашқы биржа. Біз климаттық құралдар спектрін кеңейту және қазақстандық I-REC-тің жаһандық нарықтармен интеграциясын күшейту үшін AIX-пен белсенді ынтымақтасуды жоспарлап отырмыз. Бұл жай ғана жергілікті бастама емес, Орталық Азиядағы көміртегі бірліктері мен орнықты қаржы тетіктері нарығын дамытудағы маңызды қадам». 

Анықтама ретінде:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz     

AIFC AI assistant