AIX және Abu Dhabi Securities Exchange (ADX) арасындағы биржааралық сауда-саттық үшін AIX Tabadul хабына қосылды

Astana International Exchange («AIX», «Биржа») кросс-биржалық сауда-саттық үшін Әбу-Даби биржасы (ADX) құрған Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылғанын қуана хабарлайды. Бұл ынтымақтастық AIX және ADX-тегі бағалы қағаздарға қолжетімділікті қамтамасыз етіп, өтімділікті арттырады және инвесторлар үшін сауда механизмдерін жеңілдетеді. Tabadul қосылған биржалардың брокерлік компанияларына қашықтан қолжетімділікті қамтамасыз етеді, бұл Tabadul серіктестерінің іскерлік қарым-қатынастарды кеңейтуге және ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын растайды.

ADX Tabadul хабын 2022 жылдың шілдесінде нарыққа өзара қол жеткізу моделі бойынша жұмыс істейтін өңірдегі алғашқы цифрлық биржалық сервис ретінде іске қосты. Платформа қатысушы биржалар арасында өңірлік және жаһандық деңгейде сауда-саттық үшін, сайып келгенде, ынтымақтастықты нығайтуға және қатысушы нарықтардағы өтімділікті арттыруға бағытталған цифрлық биржа желісін құрады.

Бахрейн биржасы мен Muscat Securities Market (Оман) қазірдің өзінде Tabadul-да жұмыс істеуде.

AIX-тің Tabadul-мен интеграциясы 2023 жылдың маусым айында AIX және ADX қол қойған Өзара түсіністік туралы меморандумда көрсетілген бірлескен жоспарларды жүзеге асыруға арналған стратегиялық серіктестік шеңберінде іске асырылды. Tabadul биржалық хабына AIX-тің қосылуымен платформаның ауқымы мен мүмкіндіктері одан әрі кеңейіп, сауда-саттыққа қатысушылар мен инвесторлар үшін үздіксіз және тиімді сауда-саттық пен есеп айырысуды қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта Freedom Finance Global (Қазақстан) Tabadul Hub брокері ретінде мойындалды және қабылданды, ал BHM Capital (Дубай, БАӘ) AIX сауда мүшесі ретінде қабылданды. Екі тараптан да жаңа сауда қатысушыларын тарту жұмыстары жүргізілуде. Бастапқыда ADX мүшелері тек АҚШ долларында номинацияланған AIX бағалы қағаздарын сатып ала алады.

Әсел Мұқажанова, AIX Басқарма төрайымы атап өткендей:

«ADX және AIX арасындағы сауда-саттықты қалыптастыру AIX мақсаттарына сәйкес келеді және Қазақстан мен Парсы шығанағы мемлекеттерінің нарықтары арасындағы байланысты кеңейтуге ықпал етеді. Tabadul цифрлық платформасына қосылу қазақстандық инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады және нарық қатысушыларына қолжетімді құралдар ауқымын кеңейтеді».

Абдулла Салем әл Нуайми, ADX Басқарма төрағасы:

«Біз AIX-ті Tabadul цифрлық биржалық хабының жаңа мүшесі ретінде қабылдауға қуаныштымыз. Бұл ынтымақтастық ADX-тің серіктес биржалар желісін кеңейту, өтімділікті арттыру және Tabadul-ды өңірлік және жаһандық инвестициялар үшін жетекші платформаға айналдыру жөніндегі біздің тұрақты ұстанымымыздың көрнекті мысалы болып табылады.

Tabadul-дың 2022 жылы іске қосылуы ынтымақтастықты дамыту және нарықтардағы өтімділікті арттырудағы маңызды кезең болды. AIX-тің платформаға қосылуымен инвесторлар енді Қазақстанда да, БАӘ-де де инвестициялық мүмкіндіктерге тікелей қол жеткізе алады.

Бұл ADX және Tabadul үшін ынтымақтастықтың жаңа деңгейі, және біз нарық тиімділігін арттыру, инвесторлардың қатысуын ынталандыру және екі нарықта жаһандық байланысты нығайту үшін AIX-пен бірлесе жұмыс істейміз».

Сергей Лукьянов, Freedom Finance Global PLC Директорлар кеңесінің Басқарма төрағасы:

«Бұл маңызды қадам ұзақ жылдар бойы біздің мемлекеттер басшыларының бастамасымен жүргізілген екіжақты ынтымақтастықтың айқын нәтижесі. Әлемдік деңгейде мықты қаржы секторын қалыптастыруға жол ашылуда, бұл ел экономикасының өңірде, одан тыс та тұрақты дамуына ықпал ететініне сенімдімін. Брокер ретінде инвесторларға әлемдегі ірі капитал нарықтарында тікелей сауда жасаудың кең ауқымын ұсыну мүмкіндігі біз үшін мақтаныш».

Егер қабылдаушы биржалар қойған барлық талаптарға сай болған жағдайда, Tabadul платформасы жергілікті брокерлерде тіркелген инвесторлар үшін қолжетімді болады.

Анықтамалық ақпарат:

AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылды. AIX акционерлері қатарында АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын ұсынған NASDAQ бар. Биржа өз қызметін ағылшын құқығы қағидаттарына негізделген нормативтік-құқықтық орта шеңберінде жүзеге асырады, осылайша инвестициялық қызметті жүргізудің сенімді шарттарын қамтамасыз етеді. AIX миссиясы – жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыруды тартуға арналған нақты және қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету есебінен Қазақстан мен өңірде капиталдың белсенді нарығын дамыту. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Бір белдеу – Бір жол» бастамасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Қосымша ақпарат: www.aix.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

Abu Dhabi Securities Exchange (ADX) 2000 жылдың 15 қарашасында құрылған,  №(3) Жергілікті Заң биржаға тәуелсіз қаржы және басқаруды қамтамасыз ететін автономды заңды тұлға статусын береді. Заң, сонымен қатар, ADX биржасы өз қызметін атқаруына қажетті үстемдік және атқарушы билікті қамтамасыз етеді. 2020 жылғы №(8) Заң бойынша 2000 жылдың 17 наурызында ADX «мемлекеттік мекеме» статусынан «мемлекеттік акционерлік қоғам» мәртебесіне өтті. ADX Абу-Даби экономикасының түрлі салаларын қамтитын аймақтағы ең ірі холдинг компаниялардың бірі – ADQ құрамына кіреді.

ADX — құнды қағаздар нарығы; соның ішінде мұнда жариялы акционерлік қоғамдардың акциялары, мемлекеттер немесе корпорациялар шығарған бондтар, биржалық сауда қорлары, және БАӘ Құнды қағаздар және тауарлар басқармасы (SCA) бекіткен басқа да қаржылық құралдар саудаланады. ADX – Араб елдеріндегі екінші ірі нарық, және түрлі құралдардан құралған тұрақты қаржы нарығын құру стратегиясы БАӘ-нің «Келесі 50-ге бастама» жоспарының мақсаттарымен сәйкес келеді. Бұл жоспарда БАӘ-нің жаңа ғаламдық тұрақты даму парадигмасына өту үшін тұрақты, әртарапты және жоғарғы құнды экономика құру мақсатындағы стратегиялық дамуы белгіленген.

AIFC AI assistant