Албания Республикасының Президенті Байрам Бегай АХҚО-ға келді

Албания Президенті Байрам Бегай Қазақстанға ресми сапары барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығына (бұдан әрі – АХҚО, Орталық) барды. АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров шетелдік мемлекет басшысын АХҚО және оның органдарының қызметімен таныстырды.  

АХҚО сотының тіркеушісі, аппарат басшысы Кристофер Кэмпбелл-Холт Орталық Азиядағы прецеденттік құқықтың нормалары мен қағидаттарына негізделген бірінші сот жүйесінің жұмысы туралы айтып берді. 

Албания елінің Президенті АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің (AFSA) қызметімен де танысты. Мемлекет басшысына АХҚО-ның юрисдикциясы мен реттеуші режимінің ерекшеліктері туралы айтылды. 

Сондай-ақ, Басқарушы қонақты орталықтың ағымдағы қызметі туралы хабардар етті және АХҚО-ның инвестиция тартудағы зор мүмкіндігі жайлы жеткізілді. Р. Бектұровтың айтуынша, АХҚО өңірдегі озық инвестициялық қаржы орталығы болып табылады, бұл өз кезегінде әлемдік қаржы нарықтарымен өзара іс-қимыл жасауға және түрлі қаржыландыру көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Басқарушы бүгінгі таңда АХҚО-да тіркелген компаниялардың саны әлемнің 78 елінен 2100-ден асып түскенін, соның ішінде Оңтүстік-Шығыс Еуропадан 25 компания бар екенін ерекше атап өтті. 

АНЫҚТАМА  

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО)  – бизнесті ашу, жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция.  

AIFC AI assistant