«Астана» халықаралық қаржы орталығы, Bloomberg L. P. және «Atameken Business channel» ынтымақтастық туралы келісімге келді
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі – АХҚО), Bloomberg L. P., сондай-ақ Atameken Business channel ынтымақтастық және Қазақстан Республикасының инвестициялық мүмкіндіктерін, АХҚО қызметін медиа-сүйемелдеу, жасыл және исламдық қаржыны дамыту, сонымен қатар капитал нарығын дамыту туралы шартқа қол қойды.
Құжатқа АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов, «АХҚО әкімшілігі» АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Құсайынов, Bloomberg L. P. Басқарма Төрағасы Джастин Б. Смит, Atameken Business Channel Бақылау кеңесінің Төрағасы Қанат Сахарьянов қол қойды.
Аталмыш шарттың талаптарына сәйкес, Bloomberg АХҚО аумағында Bloomberg TV жаһандық медиа жүйесінің тікелей эфиріне қосылу мүмкіндігі болатын толыққанды студияны ұйымдастыруға, АХҚО ұсынатын ақпараттардың негізінде бірегей ақпараттық контент жасауға, сондай-ақ ТВ, баспа басылымдары мен Bloomberg сандық медиа қызметтерін қолдана отырып, АХҚО-ны халықаралық ілгерілету бойынша кешенді кампания өткізуге міндеттенеді.
«Bloomberg агенттігінің Қазақстан нарығына шығуы – бұл тарихи оқиға. Bloomberg-пен ынтымақтастық жасаудың арқасында инвестициялық мүмкіндіктер, АХҚО-ның келешегі, басымдықтары мен ұсынатын жеңілдіктері әлемнің барша еліне мәлім болады», – деді Қ. Келімбетов
Серіктестік аясында Тараптар, сондай-ақ Қазақстанда бизнес-журналистиканы дамыту жөнінде уағдаласты. Bloomberg өкілдері Atameken Business Channel базасында іскерлік, қаржылық және телевизиялық журналистика бойынша тренингтер өткізуге міндеттенді, сондай-ақ бірқатар іскерлік және медиа-форумдарға қатысуға келісімін берді.
Сұраулар:
АХҚО. 2015 жылғы желтоқсан айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО-ның мақсаты қаржылық қызметтерді көрсететін халықаралық деңгейдегі жетекші орталық қалыптастыру болып табылады. Посткеңестік кеңістікте тұңғыш рет ағылшын құқығының қағидаттары енгізіледі, қаржы орталығының ресми тілі – ағылшын тілі болады.
АХҚО-ның міндеттері қаржылық қызметтер саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру арқылы ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету. АХҚО сондай-ақ елімізде сақтандыру, банк қызметтері мен исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.
Bloomberg L.P. 1981 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қаржылық-экономикалық мазмұндағы ақпараттар тарататын жетекші трансұлттық агенттік. Ақпараттық агенттік әлеуеті өзекті қаржы жаңалықтарын сапалы және жедел түрде таратуға мүмкіндік береді. Агенттік тарататын ақпараттар ағыны қаржылық нарықтар, Форекс, алпауыт компаниялардың қызметі, құнды қағаздар бағамы, сондай-ақ талдау және басқа да маңызды мәліметтерді қамтиды. Bloomberg медиа алаңдары әлемнің 70-тен астам елінде жұмыс жасайды.
Atameken Business Channel. Тұңғыш қазақстандық мультимедиялық бизнес арна. Агенттік басты ақпараттық контент платформалары: интернет пен теледидар желісінде жұмыс жасайды. ABCTV.kz интернет-порталы – бұл тек LiveStream режимінде жұмыс істейтін, біріктірілген телевидениесі бар ақпараттық платформа. Телеарна Астана және Алматы қалаларынан хабар таратады. Студия қонақтары қатарында өз саласының жетекші мамандары – бизнесмендер, кәсіпорын басшылары, мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері бар.
Atameken Business Channel арнасында аналитикалық бағдарламалар, нарықтардың дамуы мен өзгерісі туралы болжамдар, мамандардың пікірлері мен сарапшылық бағалаулар көрсетіледі.
ABCTV.kz ақпараттық порталы – бұл қаржы, экономика, саяси жаңалықтар, аналитика, рейтингтер, қорытындылар мен болжамдар, валюта бағамдары мен құнды қағаздар, бағалы металлдар, шикізат мен шикізаттық емес ресурстар нарығы, банктер, биржалар мен компаниялар туралы жаңалықтар.