«Астана» халықаралық қаржы орталығы GFCI 33 рейтингінде өз орнын сақтап қалды
Z/Yen тәуелсіз сарапшыларының жаһандық қаржы орталықтарының жаңартылған рейтингінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) өз орнын сақтап, әлемде
66 орында тұр. Бұл рейтингте Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша Астана Прага мен Варшава қалаларын озып, көшбасшы орынына ие болды.
Global Financial Centres Index (GFCI) рейтингінің отыз үшінші басылымында әлемнің 130 қаласы бағаланды, оның 120 негізгі индекске кірді. Қаржы орталықтарының рейтингі 153 макроэкономикалық көрсеткіш және қаржы секторы мен аралас индустриялардың 10 мың маманынан алынған 61 мыңнан астам бағалау негізінде жүргізіледі.
Макрокөрсеткіштерді Дүниежүзілік банк, Economist Intelligence Unit — Economist Group зерттеулер мен талдау арқылы болжам және консультациялық қызметтер көрсететін зерттеу және талдау бөлімшесі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы ұсынады.
Соңғы 16 жыл ішінде GFCI әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының жетістіктерін көрсететін жылына 2 есеп дайындайды.
Астана бұл рейтингке алғаш рет 2018 жылдың наурыз айында енді. Астана қаласының GFCI рейтингіне енгізілуіне АХҚО-ның толық көлемде іске қосылуы ықпал етті.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — 2018 жылы жұмыс істей бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекітілуі. www.aifc.kz