Астана Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңіріндегі интеллектуалды қалалар рейтингіндегі үздік үштік қатарындағы өз орнын сақтап қалды

Z/Yen тәуелсіз сарапшылары жариялаған Интеллектуалды орталықтар индексінің жаңартылған тоғызыншы шығарылымына (Smart Сentres Index — SCI 9 рейтингі) сәйкес, Астана қаласы Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде 3-ші орынға ие болды. Жалпы рейтингте Астана 79 ықтимал позициядан 49-шы орынға тұрақтады.

Интеллектуалды орталықтар индексі жаһандық коммерциялық және қаржы орталықтарының ғылымды, энергетикалық жүйелерді, машиналық оқытуды және басқа салаларды қоса алғанда, технологиялар мен инновацияларды құру, дамыту және енгізу қабілетін зерттейді. Астана алғаш рет осы индекске 2022 жылдың қараша айында енгізіліп, сол кезде 64-шы орынға ие болды.

Индекске сәйкес, SCI жетекші орталықтары инновациялық мәдениет STEM-нің (жаратылыстану ғылымдары, технология, инженерия, математика) барлық пәндері бойынша жоғары тиімді университет секторымен ұштасқан әрі жақсы дамыған реттеу жүйесімен, коммерциялық және қаржылық қызметтермен қамтамасыз етілген аймақтарда орналасқан.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров: «Бүкіл дүние жүзіндегі коммерциялық және қаржы орталықтары технология мен ғылым саласындағы инновацияларды ілгерілетуді жалғастыруда. Индекс көрсеткендей, бүгінде жасанды интеллектті дамытуға, цифрлық және компьютерлік технологияларға, энергетика мен экологияға ерекше назар аудару қажет. Инновациялар орталықты дамыту тәсілдерінде де, Қазақстандағы қаржы қызметтері секторын дамытуда да АХҚО-ға тән айрықша ерекшелік болып саналады. АХҚО цифрлық активтер экожүйесі, краудфандингтік платформалар, орнықты даму құралдары және т.б. сияқты елдің қаржы нарығында бұрын қолжетімсіз болып келген өнімдер мен қызметтер спектрін кеңейте отырып, озық тәсілдерді енгізуді жалғастырады», – деп атап өтті.

SCI индексі Дүниежүзілік банктің, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, Біріккен Ұлттар Ұйымының және басқа да халықаралық ұйымдардың, жаһандық аналитикалық орталықтардың көрсеткіштерімен қатылған 135 аспаптық факторларды пайдалана отырып әзірленген. Осы аспаптық факторлар бойынша параметрлер SCI онлайн-сауалнамасының 246 респонденті ұсынған 1 661 бағамен біріктірілді.

SCI 9 шеңберінде барлығы 131 коммерциялық және қаржы орталығы зерттелді, олардың ішінде 79 орталық жаңартылған басылымға енді – бұл рейтингке қатысу үшін респонденттерден жеткілікті баға алған орталықтар.

 

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) — бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамытуға арналған қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

AIFC AI assistant