Астана зияткерлік қалалар рейтингісінде көтерілді

Z/Yen тәуелсіз сарапшылары жариялаған Зияткерлік орталықтар индексінің (Smart centres index — SCI 7) жаңартылған жетінші шығарылымына сәйкес, Астана қаласы рейтингте 11 сатыға көтеріліп, 54-орынды иеленді.

Зияткерлік орталықтар индексі жаһандық коммерциялық орталықтарының технологияларды құру, дамыту және енгізу қабілетін зерттейді. Астана қаласы алғаш рет осы индекске 2022 жылдың қарашасында қосылған болатын.

Индекстің жетінші шығарылымындағы құттықтау сөзінде «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров: «Индекс бүгінгі таңда инновациялар мен технологиялардың жаһандық ландшафтын не қалыптастырады деген сұраққа жауап береді. Технологиялар болашақты айқындайтын, қарқынды дамып келе жатқан әлемде мемлекеттер мен қаржы орталықтары инновациялардың алғы шебінде болуы керек. АХҚО инновациялық тәсілдердің көмегімен, оның ішінде цифрлық активтердің экожүйесін дамыту және өсу үшін мүмкіндіктер жасау арқылы қаржы саласын дамытуды жалғастырады. Мен «Зияткерлік орталықтар индексінің» авторлары мен респонденттеріне бізді бағалағаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін», – деп  атап өтті.

SCI 7 136 құралдық факторлардың көмегімен әзірленді. Бұл макро көрсеткіштерді Дүниежүзілік банк, Economist Intelligence Unit (зерттеу және талдау арқылы болжамды кеңес беру қызметтерін ұсынатын Economist Group талдау бөлімі), Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Біріккен Ұлттар Ұйымы ұсынады.

SCI 7 аясында барлығы 131 қала зерттелді, оның ішінде 77-сі ғана рейтингке кіре алды.

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция.

www.aifc.kz

БАҚ үшін байланыс

Айнур Исабаева 

Баспасөз хатшысы

Тел: +7 (7172) 61 36 36 

Email: [email protected]  

AIFC AI assistant