«Халық Банк Грузияның» $15 млн көлеміндегі облигациялары АІХ листингіне енгізілді
Astana International Exchange (“AIX”, “Биржа”) 2022 жылғы 25 мамырдан бастап «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-тың еншілес құрылымы «Халық Банк Грузия» акционерлік қоғамының («Халық Банк Грузия» АҚ) номиналды көлемі 15 млн АҚШ доллары, бекітілген купоны жылдық 4% және өтеу мерзімі 2025 жыл болып табылатын 3 жылдық дебюттік облигациялары АІХ-тің ресми тізіміне енгізілгенін хабарлайды. Бұл шығарылым – АІХ-те тіркелген 45 млн АҚШ доллары көлеміндегі облигациялық бағдарламаның шеңберіндегі бірінші транш. Листингпен бір уақытта «Халық Банк Грузия» АҚ-тың өтеуге кірістілігі 5% облигацияларын АІХ алаңындағы күнделікті сауда-саттық режимінде бастапқы орналастыру басталды.
“Halyk Finance” АҚ бағалы қағаздар шығарылымын ұйымдастырушы және букраннер ретінде әрекет етті.
AIX басқармасының төрағасы Ренат Бектұров былай деп мәлімдеді:
«Біз Грузиядан келген алғашқы эмитентті АІХ алаңындағы дебюттік облигациялар шығарылымымен құттықтауға қуаныштымыз. Бұл мәміле Грузиядан және өзге де елдерден басқа эмитенттер шығуының басы болады деп сенеміз. Стратегиялық міндеттерінің бірі алаңға шетелдік құралдар тарту болып табылатын АІХ өз кезегінде мұндай эмитенттерге халықаралық құқық бойынша құралдар шығаруда толық қолдау көрсетуге дайын».
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы “Астана” халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Голдман Сакс, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ “Белдеу және жол” бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Толығырақ ақпарат www.aix.kz сілтемесі бойынша қолжетімді.
АХҚО “Астана” халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмыс істей бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі даму стратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде беку болып табылады. www.aifc.kz