Ұлыбританияда Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Бүгін Лондондық Ситиде Британ-Қазақстан инвестициялық форумының аясында Ұлыбританияның мемлекеттік және іскерлік ортасының өкілдері үшін Қазақстан Республикасы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Форумды Ұлыбританиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігінің қолдауымен Лондондық Сити корпорациясы, АХҚО және «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ ұйымдастырды.  

Лондондық Ситидің Лорд Мэрі Эндрю Пармли, Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстан жөніндегі Сауда елшісі Баронесса Николсон, Ұлыбританиядағы Қазақстан Республикасының Елшісі Ерлан Ыдырысов, Қазақстан Республикасындағы Ұлыбритания Елшісі Кэролин Браун, АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов және «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев форумда сөз сөйледі.

Форумда Елші Е. Ыдырысов екі ел ынтымақтастығының 25 жылдық тарихында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынас мәртебесі стратегиялық серіктестік деңгейіне шыққандығын атап өтті. “Ұлыбритания – Қазақстан экономикасына қаржы құятын ең ірі инвесторлардың бірі, сондай-ақ еліміздің маңызды сауда және экономикалық серіктесі болып табылады. Берік сенімге құрылған қарым-қатынасқа сүйене отырып, қос ел «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру және дамыту, ҚР ұлттық компанияларын жекешелендіру бағдарламасы, Қытай елінің «Бір белдеу, Бір жол» бастамасы аясында, сондай-ақ басқа да салаларда өзара іс-қимыл жасау сияқты басым жобаларды іске асыруда белсенді түрде өзара бірлесіп іс-әрекет жасауда. Жоғары технологиялар салалары мен банк секторына британиялық тәжірибені тарту Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатындағы маңызды басымдықтардың бірі ретінде саналады”, – деді Е.Ыдырысов.

Қазақстандағы Ұлыбритания Елшісі Доктор Кэролин Браунның айтуынша, британдық мамандар қазақстандық әріптестерімен өз тәжірибелерімен бөлісуді жалғастыруға ниетті.

«Халықаралық сенім – «Астана» халықаралық қаржы орталығы табысының кілті. Ұлыбританиядан немесе басқа елдерден, экономиканың әртүрлі секторларынан келген инвесторлар Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндігін неғұрлым көбірек қарастырса, инвесторлар мұқтаж болатын қаржылық және заңгерлік консультацияларды ұсынуда АХҚО соғұрлым маңызды рөл атқаратын болады», – деді Доктор К. Браун.

АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов өз сөзінде атап өткендей, қаржы орталығының алаңында инвесторлар үшін бірқатар артықшылықтар қарастырылған, олар инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар тудыруға және Қазақстанға қаржы тартуға ықпал етулері тиіс.

«АХҚО-да Батыс пен Шығыс елдерінің арасында сауда-қаржы ағындарын қамтамасыз ететін Еуразия қақпасы атанудың барлық мүмкіндіктері бар», – деп айтты Қ. Келімбетов.

«Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев басым салалар, әлемнің өңірлері мен елдер бойынша таргеттеу, белсенді тәсіл сияқты компанияның әлеуетті инвесторларымен жұмыс істеудегі жаңа тәсілдерімен таныстырды.

«Ұлыбританиядан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жиынтық көлемі 12 млрд АҚШ долларынан асады. Осы жылы қабылданған ҚР Ұлттық инвестициялық стратегиясына сәйкес Ұлыбритания инвестицияларды тарту тұрғысынан басым елдерге жатады, бұл мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Б. Қанешев.

«Лондон-Астана көпірі: қаржы орталықтарының арасында байланыстарды нығайту» сессиясында Ұлыбританияның бұрынғы Жоғарғы судьясы Лорд Гарри Кеннет Вульф және АХҚО өкілдері сөз сөйледі, олар Сот, Төрелік орталығы, биржа, АХҚО реттеуіші сияқты қаржы орталығының органдарын толық таныстырып өтті.

Лондонның Сити қаржы орталығы исламдық қаржыландыру, қаржы технологиялары, «жасыл» қаржы және жалпы құқық сияқты көптеген салаларда мол білім мен тәжірибеге ие екендігін атап өткен жөн.

Делегацияның Ұлыбританияға сапарының қорытындысы бойынша Қазақстандағы Британ сауда палатасымен және Еуропа Қайта құру және Даму банкімен ынтымақтастық жөнінде меморандумдарға қол қойылды. Сапар аясында сонымен қатар «Kazakh Invest» Қазақстанда бизнестерін жүргізетін, сондай-ақ Қазақстан нарығына енуді жоспарлап отырған Aggreko, Metalysis, Sentinel, William Hare, ConnectIreland, International Development Ireland және т.б. сияқты компаниялармен кездесулер өткізді.

 Және де АХҚО, TheCityUK мен  Лондон қор биржасы(LSEG) арасында АХҚО биржасын (AIX) қолдау туралы келісімге қол қойылды.

Құжатқа сәйкес, Тараптар оның аясында реттеудің үздік әлемдік практикаларының мысалдары зерделенетін кәсіби даярлау бағдарламасының көмегімен AIX-тің листинг жүргізудің халықаралық мойындалған стандарттарға сәйкес жұмыс істеуіне көмектесуге ниеттеніп отыр.

Сұраулар:

АХҚО. 2015 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» Халықаралық Қаржы Орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық Заңға қол қойды. АХҚО мақсаты халықаралық деңгейдегі қаржы қызметтерінің жетекші орталығын құру болып табылады. Кеңес дәуірінен кейінгі кеңістікте алғаш рет ағылшын құқығы қағидалары енгізілетін болады, қаржы орталығының ресми тілі ағылшын тілі. 

АХҚО міндеттері қаржы қызметтері саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестицияларды тартуда көмектесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, бұл нарықтың халықаралық капитал нарықтарымен бірігуін қамтамасыз ету болып табылады. АХҚО сондай-ақ елде сақтандыру, банк қызметтерінің нарығын және исламдық қаржыландыру нарығын дамытуға ниеттенеді.

«Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ Қазақстан Республикасына инвестициялар тарту жөніндегі ұлттық агенттік болып табыладыKAZAKH INVEST «бір терезе» қағидаты бойынша ойға алынғаннан бастап жүзеге асырылғанға дейін инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша қызметтердің алуан түрін қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының арнаулы экономикалық аймақтары бойынша бірыңғай үйлестіруші орталығы ретінде әрекет етедіKAZAKH INVEST инвестициялық жобалардың перспективалары мен оларды іске асыру шарттарын талқылау кезінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүддесін білдіретін келіссөз жүргізушінің рөлін атқарады. Шикізат емес экспортты дамыту және жылжыту жүйесінің ұлттық операторы болып табылады. KAZAKH INVEST Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің құрылымына кіреді, республикалық бюджеттен қаржыландырылады және өзінің қызметтерін қайтарымсыз негізде көрсетеді.

AIFC AI assistant