АХҚО Сотының жаңа төрағасы тағайындалды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мэлдон Лорды Бернетті АХҚО Сотының төрағасы етіп тағайындады. Лорд Бернетт 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 31 қазанға дейін АХҚО Cотына төрағалық еткен құрметті Лорд Манстың орнын басты.

Лорд Бернетт 2017 жылдан бастап 2023 жылдың 30 қыркүйегіне дейін Англия мен Уэльс Жоғарғы Сотының Бас судьясы қызметін атқарды. Ол Оксфорд университетінің Пемброк-колледжінде заңгер мамандығы бойынша білім алып, 1980 жылы Англия мен Уэльстің адвокаттар алқасына жұмысқа шақырылды. Жоғары дәрежелі адвокат (барристер) ретінде қызмет атқарып, 2003 жылдан бастап аталған ұйымды басқарды. 1992 жылдан бастап Тәждің кіші заң кеңесшісі, 1998 жылдан бері – Патшалық заң кеңесшісі (King`s Counsel) қызметін атқарады. Адвокаттар алқасындағы заңгерлік тәжірибесінен басқа, ол ерекше маңызды істер бойынша кеңесші қызметін атқарды. Соның ішінде 1997 жылы орын алған Уэльс ханшайымы Диана мен Доди Файедтің өлімін тергеді.

Лорд Бернетт 2008 жылы судья, 2011 жылдан 2014 жылға дейін Англия Батыс округінің төрағалық судьясы ретінде қызмет атқарды. 2014 жылы Апелляциялық сотқа тағайындалды. 2015 жылдан 2017 жылға дейін судьяларды тағайындау жөніндегі Тәуелсіз комиссия төрағасының орынбасары болды. 2017 жылдың шілдесінде Лорд Бернетт 59 жасында 1958 жылдан бері қызметке тағайындалған ең жас Лорд-Бас судья болып, Англия мен Уэльстің барлық соттарына төрағалық етті.

Лорд Бернетт Ұлыбританияда және бүкіл әлемде мінсіз беделге ие. Оның АХҚО Сотына Сот Төрағасы болып тағайындалуы АХҚО Соты мен АХҚО үшін маңызды жетістік болып табылады.

АХҚО Соты 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап істеп, Лорд Манс төрағалық еткен кезеңде қаралған істердің саны мен қалыптасқан беделі бойынша ұқсас коммерциялық соттардан едәуір озды. 2023 жылдың 2 қарашасына қарай АХҚО Соты 87 шешім шығарды. Олар АХҚО Сотының сайтында қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде қолжетімді. АХҚО Сотының барлық шешімдері Қазақстан соттарының қатысуынсыз АХҚО Соты әзірлеген сатылы рәсімдерді қолдану арқылы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 100%-ға орындалды.

Сот ісінде талап етілген ең үлкен сома 330 миллион АҚШ долларын құрады. Бүгінде тіркеліп жатқан сомасы бірнеше миллион АҚШ долларына тең сот істердің саны көбеюде. Қазақстанда бизнес жүргізетін 27 елдің инвесторлары, соның ішінде Еуразия елдері, Қытай, БАӘ және Үндістан сияқты Қазақстанның негізгі сауда серіктестері коммерциялық дауларды шешу алаңы ретінде АХҚО Сотын таңдайды. Ірі инвесторлар, соның ішінде Chevron, Shell, NCOC және Caterpillar жаһандық корпорациялары 7500-ден аса шарттарына АХҚО Сотын дау шешетін ұйым ретінде қосқан. Алты құрлықтың 30 елінен (32 юрисдикция) 551 заңгер АХҚО Сотында клиенттердің мүдделерін білдіру құқығына ие болу үшін тіркелген. Жергілікті, өңірлік және халықаралық дауларды шешу орталықтарымен өзара түсіністік туралы 73 меморандумға қол қойылды.

АХҚО Сотының Астана мен Алматыда әлемдік деңгейдегі кеңселері бар. АХҚО Сотының отырыс залдары Еуразияның 8 елінде: Арменияда, Әзірбайжанда, Грузияда, Қырғызстанда, Тәжікстанда, Түркияда және Түрікменстан мен Өзбекстанда ашылды. Істерді әкімшілендіру әлемдік деңгейдегі eJustice электрондық құжат айналымы жүйесімен және бейнежазба арқылы өтетін сот тыңдауларымен заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, кідіріссіз онлайн режимінде жүзеге асырылады.

Лорд Бернетт өз сөзінде: «Мен үшін АХҚО Сотының төрағасы лауазымын атқару, осы лауазымда Лорд Манстың, ал оған дейін Лорд Вульфтың орнын басу үлкен мәртебе. АХҚО Соты тәуелсіз сот төрелігі және бизнес пен инвестицияларды дамыту үшін сенімді негізді қамтамасыз ете отырып, заң үстемдігі қағидатын қатаң сақтаудың арқасында әлемде танылған беделге ие. АХҚО Соты Қазақстан үшін ғана емес, жалпы Еуразияның бүкіл өңірі үшін де ерекше маңызға ие. Мен Қазақстан басшылығының АХҚО Соты мен «Астана» халықаралық қаржы орталығын ілгерілетудегі көрегендігімен келісемін және екі институттың да үздік нәтижелерге қол жеткізуді жалғастыратынына сенімдімін. Мен алдымдағылардың ізімен жүріп, АХҚО Сотының одан әрі табысты болуына үлес қосуға тырысамын», — деді.

Лорд Манс өз кезегінде: «Мен Қазақстан Республикасының басшылығына көрсеткен сенімі үшін ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар, соңғы төрт жылда АХҚО Соты ұжымының атқарған жұмысымен мақтанамын. АХҚО Соты Еуразиядағы бірегей ұйым. Қысқа уақыт ішінде ұқсас коммерциялық соттарының көрсеткіштерінен едәуір асып түсетін көлем, бейін мен бедел қалыптастырды. Сот сайтында қаралған және орындалған даулардың ауқымы мен тереңдігін көруге болады. Қазақстандағы және Еуразияның басқа елдеріндегі инвесторлар коммерциялық құқық саласындағы жоғары халықаралық стандарттарға және заң үстемдігі қағидатын қатаң сақтауға негізделген соттан тек тәуелсіз және бейтарап сот төрелігін күтуге болатынына сенеді. Лорд Бернеттен АХҚО Сотының қызметін одан әрі жалғастыруын асыға күтемін және АХҚО-ның барлық ұжымына ізгі тілектерімді білдіремін», — атап өтті.

Іс-шара шеңберінде АХҚО Сотында бірқатар басқа да тағайындаулар болды. Атап айтқанда, судья Том Монтегю-Смит К.С. АХҚО Ұсақ даулар сотынан АХҚО Бірінші инстанциядағы сотына ауысты. Джозефина Хиггс К.С. және Сайма Ханиф К.К. АХҚО Ұсақ даулар сотының судьялары болып тағайындалды.

 

Анықтама үшін:

АХҚО Соты тәуелсіз институт болып табылады. Ағылшын жалпы құқығының қағидаттары мен нормаларына және озық халықаралық іс-тәжірибеге негізделген өзіндік  процессуалдық нормалары бар. АХҚО Соты өз қызметін тәуелсіз атқарады және Қазақстан Республикасының сот жүйесінің бір бөлігі болып табылмайды. Екі деңгейден тұрады: Бірінші инстанциядағы сот, оған ұсақ даулар соты ретінде белгілі мамандандырылған бөлімше және Апелляциялық сот кіреді. АХҚО шеңберінде жүзеге асырылатын  қызметпен және операциялармен байланысты туындайтын дауларға қатысты және барлық тараптар АХҚО Сотына   юрисдикция беруге жазбаша нысанда келісетін дауларға қатысты айрықша юрисдикцияға ие. Ол қылмыстық немесе әкімшілік сипаттағы қандай да бір дауларға қатысты юрисдикцияға ие емес. Істерді жүргізудің заманауи және тиімді әдістері қолданылады. https://court.aifc.kz/

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу немесе жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. aifc.kz

AIFC AI assistant