«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ АХҚО жасыл қаржы орталығының қолдауымен AIX биржасында әлеуметтік облигацияларды орналастырды
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ тобына кіреді) AIX биржасында 3 жыл айналым мерзімімен әлеуметтік облигациялардың дебюттік шығарылымын сәтті жүзеге асырды.
Шығару шеңберінде тартылған қаражат өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту әрі медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында Ақмола және Қызылорда облыстарының әкімдіктеріне жедел жәрдем көліктерін сатып алуға бағытталатын болады.
Облигацияларды шығару процесі Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығы (ICMA) белгілеген әлеуметтік облигациялар қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылды. «Екінші тараптың пікірі» форматындағы сыртқы бағалау АХҚО Жасыл қаржы орталығы (ЖҚО) тарапынан ұсынылды. Өз кезегінде ЖҚО осы орналастырудың тұрақты қаржыландырудың жоғары стандарттарына сәйкес екенін анықтады.
«Біздің AIX биржасында дебюттік орналастыруымыз Қордың әлеуметтік жауапты инвестицияларды дамытуға деген ұмтылысын көрсетеді. Осы шығару барысында тартылған қаражат Ақмола және Қызылорда облыстарындағы медициналық инфрақұрылымды жақсартуға бағытталады, бұл өз кезегінде азаматтардың өмір сүру сапасын арттырады», — деп «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашева атап өтті.
АХҚО Жасыл қаржы орталығының Бас директоры Манас Гиждуаниев: «Халықаралық стандарттарға сәйкес әлеуметтік облигацияларды таңбалау ашықтықты, сенімді және әлеуметтік мәселелерді шешу үшін тартылған қаражатты тиімді пайдалануды қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыда Өнеркәсіпті дамыту қорының әлеуметтік облигацияларын таңбалау халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының әлеуметтік облигациялар қағидаттарының талаптарына толық сәйкес келеді, бұл олардың қаражатты ашық әрі жауапты пайдалануға деген ұмтылысын көрсетеді, инвесторларға орнықты дамуды қолдау үшін ақпараттандырылған шешімдер қабылдау үшін қажетті сенімділік береді», — деп пікір білдірді.
Ұсынылған сыртқы бағалауға сәйкес, Өнеркәсіпті дамыту қоры басқарудың, тартылған қаражатты бөлудің, жобаларды іріктеудің, тартылған қаражатты басқару сапасының, әлеуметтік маңызы бар іске асырылып жатқан жобалар туралы есептіліктің және ақпаратты ашудың тамаша деңгейін көрсетеді.
Анықтама үшін:
АХҚО Жасыл қаржы орталығы Орталық Азиядағы тұрақты қаржы құралдарын верификациялау жөніндегі халықаралық әдіснамалық орталықтар аккредиттеген бірегей ұйым бола отырып, өңірдегі орнықты қаржы нарығын дамытуға белсенді ықпал етеді. Қазіргі уақытта ЖҚО мынадай қор алаңдарында тұрақты облигациялар шығару бойынша эмитенттермен тығыз жұмыс істеуде: АХҚО Биржасы, Қазақстан қор биржасы (Қазақстан), Ташкент қор биржасы (Өзбекстан), Орталық Азия қор биржасы (Тәжікстан), Баку қор биржасы (Әзірбайжан) және Қырғыз қор биржасы (Қырғызстан).
«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-ның еншілес ұйымы және «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ құрылымына кіреді, кредиттік рейтингі – Ва1 (Moody’s). Қордың қызметі жоғары әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобаларды қаржыландыру арқылы отандық кәсіпорындарды қолдауға және өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған.