АХҚО-ны Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы ретінде ілгерілету
АХҚО Жасыл қаржы орталығының Бас директоры Айдар Қазыбаев Қырғыз Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дастан Дюшекеевпен кездесті.
Жасыл қаржы орталығының басшысы Елші мырзаны қырғыз серіктестерімен Қырғызстанда орнықты қаржыландыру құралдарын ілгерілету жөніндегі институтын – GFC Kyrgyzstan/«Қырғызстан Жасыл қаржы орталығы» бірлескен компаниясын құру бойынша бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Қырғызстан тарапынан акционерлер мен серіктестер ретінде әрекет етуге негізгі қаржы институттары – «Айыл банк» пен Қырғыз қор биржасы дайын екендіктерін білдірді.
Айдар Қазыбаев бұл бастама Қырғызстан Президенті Жапаров Садыр Нұрғожоұлының 2021 жылғы наурызда Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары барысында АХҚО-ға келгеннен кейін туындағанын атап өтті. АХҚО-ға келген Қырғызстан басшысы Қырғызстанда жасыл қаржыландыру құралдарын енгізу институты ретінде Жасыл қаржы орталығының тәжірибесіне жүгінуге жоғары қызығушылық танытты.
Осыған байланысты ЖҚО Қырғызстанның мемлекеттік органдарымен және іскер топтарымен кездесулер мен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде GFC Kyrgyzstan бірлескен компаниясын құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Компанияның қызметі жаңа банктік құралдарды дамытуға, оның ішінде орнықты дамуға байланысты жаңа өнімдерді енгізуде «Айыл банкке» жәрдемдесуге, Қырғыз қор биржасына орнықты қаржыландыру құралдарын енгізуге жәрдемдесуге, Қырғызстан үкіметіне ұлттық жасыл таксономияны қоса алғанда, нормативтік базаны әзірлеуге, сондай-ақ орнықты қаржыландыру саласында кәсіби кадрларды даярлауға жәрдемдесуге бағытталатын болады.
Айтылған бастамалар Дипломатиялық миссия басшысы тарапынан толық қолдау тапты. Атап айтқанда, Дюшекеев мырза Қырғызстан Үкіметі «жасыл» экономиканы дамытуға үлкен көңіл бөлетінін, осыған байланысты Қазақстан мен АХҚО-ның жәрдемдесуі, атап айтқанда, тиісті институционалдық базаны құру, мемлекеттік құрылымдарға кеңес беру және қажетті нормативтік базаны қалыптастыру және жергілікті кадрлардың құзыретін арттыру мәселелеріндегі жәрдемдесуі дер кезінде және қажетті қолдау болып табылатынын атап өтті.
Бүгінгі таңда Жасыл қаржы орталығы компания құру туралы құрылтай құжаттарының жобаларын дайындап, серіктестердің қарауына жіберді, оларға осы жылғы сәуірдің соңында өтетін Қазақстан-Қырғызстан Үкіметаралық кеңесінің алдағы 10-шы отырысы аясында қол қою ұсынылады.
Болашақта құрылып жатқан компания өңірлік қаржы орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуы шеңберінде Қырғызстандағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының барлық қызметтерін көрсететін алаңға айналуы мүмкін.
Анықтамалық ақпарат:
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекiтiлуi болып табылады.
АХҚО Жасыл қаржы орталығы бұл Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржыны дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Негізгі мақсат-жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендтік қаржы құралдары арқылы тұрақты экономикаға инвестициялар тарту. Бұдан басқа, АХҚО жасыл қаржы орталығы өңірлік талдау орталығы бола отырып, үкіметтерге, квазимемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлерге жасыл қаржы және тұрақты даму саласындағы стратегиялық және бизнес-консультациялар береді. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторлар мен нарық ойыншыларына АХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығаруға дайындық мәселесі бойынша алғашқы көмек көрсетеді.