АХҚО артықшылықтары Германияның бизнес-қоғамдастығына ұсынылды
Франкфурт қаласында Премьер-Министрдің орынбасары-Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО, Орталық) Басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Германияның бизнес — қоғамдастығы өкілдерінің қатысуымен «Opportunities for growth in Kazakhstan» (Қазақстандағы өсу мүмкіндіктері) тақырыбында бизнес-ланч өтті.
Кездесудің негізгі тақырыбы өзгермелі әлемдегі экономикалық өсу мен даму мүмкіндіктері, Қазақстан мен АХҚО-ның инвестициялық ландшафт ретіндегі рөлі, сондай-ақ Орталық Азияға қақпа ретінде және «Жаңа Жібек жолындағы» инвестициялар үшін тұғырнама болды.
«Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін бұрын-соңды болмаған жағдайларды посткеңестік кеңістік елдерінің арасында теңдесі жоқ «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұсынады. Осыған байланысты неміс қаржы институттары мен бизнес-қоғамдастығын АХҚО платформасын Қазақстандағы және Орталық Азия өңіріндегі инвестициялық және іскерлік бастамаларында белсенді пайдалануға шақырамыз», – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.
«АХҚО Орталық Азияның жетекші қаржы орталығы ретінде қаржы өнімдеріне, бизнеске және инвестициялар ағынына қолжетімділікті оңтайландыру, трансформациялау және цифрландыру бойынша жұмыста Қазақстан үкіметімен тығыз ынтымақтасады. АХҚО құру Қазақстанның әлемдік қаржы және инвестициялық жүйеге бірігуін едәуір жеңілдетті. Біз өз алаңымызда Германия бизнес өкілдерін көруге қуаныштымыз», – деп атап өтті АХҚО Басқарушысы Қ. Келімбетов.
Іс-шара барысында Германияның бизнес-қоғамдастығы жалпы құқықтың қағидаттары мен нормаларына негізделген АХҚО-ның мүмкіндіктері, артықшылықтары мен ерекше құқықтық режимі, Орталықтың юрисдикциясында қолданылатын салықтық преференциялар мен визалық жеңілдіктер ұсынылды.
Сонымен қатар, кездесуге қатысушылар АХҚО Органдары мен олардың Ұйымдарының – Биржаның, Соттың және Халықаралық төрелік орталықтың, қаржы қызметтерді көрсетуді реттеу жөніндегі Комитетінің, Тех Хабтың, Жасыл қаржы орталығының және т. б. жұмысы туралы білді.
Анықтамалық ақпарат:
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекiтiлуi болып табылады.