АХҚО Жасыл қаржы орталығы ресейлік жасыл облигациялар эмитенттерінің нарығына шығуды көздеп отыр
АХҚО Жасыл қаржы орталығының Бас директоры Айдар Қазыбаев ВЭБ.РФ Төрағасының бірінші орынбасары – Басқарма мүшесі Алексей Мирошниченкомен жұмыс кездесуін өткізді.
А.Қазыбаев Орталықтың жұмысын, оның ішінде жасыл қаржыландыру стандарттарына сай таксономияны әзірлеуін, тұрақты қаржыландыру жобаларын тексеру бойынша қызметтерді көрсетуін егжей-тегжейлі таныстыра отырып, ынтымақтастықтың ықтимал перспективалары бойынша бірқатар ұсыныстар жасады.
Атап айтқанда, верификациялау нәтижелерін өзара тану мәселесін пысықтау, сондай-ақ АХҚО Жасыл қаржы орталығын ВЭБ.РФ бекітетін жасыл облигацияларды верификациялаушылардың тізіміне енгізу бойынша келісімге қол жеткізілді. Болашақта бұл Орталыққа ресейлік эмитенттердің тұрақты қаржыландыру жобаларын верификациялауды жүзеге асыруға мүмкіндіктер ашады.
ВЭБ.РФ тарапынан ЕАДБ және Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесе отырып, ЕАЭО мемлекеттері үшін Тұрақты даму бойынша талдау орталығын құру туралы ұсыныс үлкен қызығушылық тудырды.
А.Қазыбаев жасыл қаржы құралдарын танымал етуде ВЭБ.РФ жүргізіп жатқан орасан жұмысты ескере отырып, ресейлік компанияларға АХҚО Green Finance Award сыйлығын беру бойынша жұмысты бірлесіп ілгерілетуді және жүргізуді ұсынды.
Ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мақсатында А.Мирошниченко 2022 жылдың басында АХҚО мен ВЭБ.РФ басшылығының кездесулерінің бірі аясында ESG және жасыл қаржы бойынша Стратегиялық әріптестік туралы екіжақты келісімге қол қоюды ұсынды.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған.
2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды.
Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.
АХҚО миссиясы – өңірдің тұрақты ұзақмерзімді дамуына жәрдемдесу. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа бола алады».
АХҚО Жасыл қаржы Орталығы бұл Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржыны дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Негізгі мақсат – жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендтік қаржы құралдары арқылы тұрақты экономикаға инвестициялар тарту. Бұдан басқа, АХҚО Жасыл қаржы Орталығы өңірлік талдау орталығы бола отырып, үкіметтерге, квазимемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлерге жасыл қаржы және тұрақты даму саласындағы стратегиялық және бизнес-консультациялар береді. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторлар мен нарық ойыншыларына АХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығаруға дайындық мәселесі бойынша алғашқы көмек көрсетеді.
ВЭБ.РФ – әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыруға ықпал ететін, Ресей экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыратын ұлттық даму институты. Негізгі міндеті – Ресейдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуына үлес қосу. ВЭБ.РФ коммерциялық банктермен серіктестікте инфрақұрылымды, индустрияны, әлеуметтік саланы дамытуға, технологиялық әлеуетті нығайтуға және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды жобаларды қаржыландырады.