Қазақстандағы біріктіру және сатып алу мәмілелерінің көлемі соңғы 10 жылда шамамен 45 млрд долларды құрады
M&А (біріктіру және сатып алу) мәмілелерінің көлемі 10 жыл ішінде шамамен 45 миллиард долларды құрады. Мұндай көлемді сандар «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында өткен Қазақстандағы тікелей инвестициялар нарығы бойынша есептің таныстырылымы кезінде айтылды.
Есепті Бәйтерек Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы Qazaqstan Investment Corporation компаниясы Baker Tilly халықаралық консалтингтік компаниясымен бірлесіп дайындады. Оны дайындау барысында Қазақстанның соңғы он жылдағы тікелей инвестициялар нарығындағы ахуалды талдау, оның негізгі қатысушылары мен факторларын айқындау, сондай-ақ шетелдік нарықтар тәжірибесі мен табысты кейстерге шолу жасау бойынша кешенді жұмыс жүргізілген болатын.
Құттықтау сөзінде Qazaqstan Investment Corporation АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Жолат соңғы рет осындай талдау 2019 жылы жүргізілгенін атап өтті. Сондықтан тікелей инвестициялар нарығының өсуі мен дамуы туралы талдамалық ақпараттың тапшылығы қалыптасқанын жеткізді.
«Қол жетімді деректердің жетіспеушілігі инвесторлар мен сала қатысушыларының шешім қабылдауына кедергі болады. Сондықтан QIC Қазақстандағы тікелей инвестициялар нарығын дамытудың драйвері ретінде өңір елдеріндегі нарықтардың жай-күйін талдау туралы шешім қабылдады. Baker Tilly-мен бірге жеке капитал нарығының динамикасы мен болашағын көрсететін деректерді жинау және талдау бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Есеп отандық және шетелдік инвесторлар үшін құнды ақпарат көзі болатынына және инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде бағдарлануға көмектесетініне сенімдімін», – деп атап өтті Е. Жолат.
Берілген мағлұматтарға сәйкес, жалпы сомасы 45 миллиардтан 4,8 млрд доллары «Рrivate equity» қағидаты бойынша жұмыс істейтін тікелей инвестициялар қорлары мен отбасылық кеңселердің қатысуымен жасалған мәмілелер негізінде келді. 2012 жылдан 2022 жылға дейін М&А мәмілелерінің көлемі кезеңге байланысты айтарлықтай өзгеріп тұрды. Соған қарамастан, аталған кезеңде барлығы 49,7 млрд $ сомасын құраған (follow-on инвестицияларын қоса алғанда) акциялар және айырбасталатын құралдармен 360 ашық мәміле жасалған еді. Осылайша, он жыл ішінде жылына орта есеппен 4,9 миллиард доллар көлеміндегі 36 мәміле жасалды деп санасақ болады.
Қаржы секторында, энергия тасымалдаушылар мен материалдар өндірісіне қатысты салаларда мәмілелер белсендірек жасалды. Сонымен қатар, Орталық Азияның өңір ретіндегі әлеуетіне қызығушылықпен қарайтын қазақстандық және кейбір шетелдік Тікелей инвестициялар қорлары (ТИҚ) мен венчурлік қорлардың белсенділігі айтарлықтай өсті. Қарастырылып отырған кезеңдегі ТИҚ мәмілелерінің орташа жылдық саны 7,5 құрады; ТИҚ мәмілесінің орташа сомасы 65 млн долларды көрсетті; медиана – 9,15 млн болса модальдық мәні – 6 млн долларды құрады. ТИҚ кезеңінде барлығы 88 мәміле жасалды.
Есептің таныстырылымы аясында АХҚО Әкімшілігі басқарма төрағасының м.а. Темірлан Мұханбетжанов АХҚО-дағы активтерді басқару нарығы туралы айта келіп, Қазақстан үшін дайындалған есептің маңыздылығына тоқталды: «Qazaqstan Investment Corporation және Baker Tilly компанияларының жүргізген зерттеуі жеке капитал нарығы соңғы бірнеше жылда өрлеп келе жатқанын және елде жеке капиталмен жұмыс істеудің инвестициялық мәдениеті біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Ең бастысы: Қазақстанда жалпы қабылданған әлемдік тәжірибеге сәйкес келетін қорлар мен тікелей инвестициялар мәмілелерін құрылымдау үшін қажетті құқықтық орта құрылды. Егер бұрын мұндай қорлар мен мәмілелер көп жағдайда шетелдік юрисдикциялар арқылы құрылымдалған болса, бүгінде біз қазақстандық қорлар мен компаниялардың АХҚО құқығы мен реттеу шеңберінде мұны істеп жатқанын көріп отырмыз. Сонымен қатар, тікелей инвестициялар нарығын Орталық Азия өңіріне назар аудара отырып, өңірлік ауқымда дамыту маңызды деп санаймын. Мұны зерттеу аясында жүргізілген сауалнаманың нәтижелері де дәлелдейді. Бір ғана мемлекетке қарағанда бүкіл Орталық Азия нарығы жаһандық инвесторлар үшін әлдеқайда қызықты көрінеді. АХҚО юрисдикциясы мұндай инвесторлар үшін таныс және түсінікті құқық жүйесінің арқасында «кіру нүктесі» бола алатынын тағы да жеткіземіз».
Инвестициялық қорлардың активтерін қоса алғанда, АХҚО басқарушы компанияларының (AUM) басқаруындағы активтер сомасы 1 066 млн долларды құрайды. АХҚО халықаралық және жергілікті басқарушы компаниялардың талаптарына сәйкес келетін активтерді басқару нарығына және жеке тұлғалардың әл-ауқаты үшін толыққанды платформа ұсынады. АХҚО-да инвестициялық қорларды басқаруға лицензиясы бар 34 басқарушы компания тіркелген. 37 инвестициялық қор тіркелген, оның ішінде 33-і инвестициялық компания (Investment Company) ретінде жұмысын бастаса, қалған төртеуі шектеулі серіктестік (Limited Partnership) ретінде ашылған. Басқарудағы инвестициялық қорлардың активтері 600 миллион АҚШ долларынан асады.
Жүргізілген зерттеу стратегиялық перспективалары бар отандық және шетелдік инвесторлар үшін құнды ақпарат көзін ұсынады. Есептің толық нұсқасымен берілген сілтеме негізінде таныса аласыздар.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу, жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. https://aifc.kz
«Qazaqstan Investment Corporation» АҚ – Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдесу мақсатында Қазақстанда private equity инфрақұрылымын дамыту негізгі миссиясы болып табылатын, 2007 жылы құрылған тікелей инвестициялар қорларының қоры. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес ұйымы болып табылады. Қосымша ақпаратты сайттан табуға болады https://qic.kz/ru