Nasdaq Dubai және AIX CSD трансшекаралық есеп айырысулар мен листингтер үшін депозитарийлер арасындағы тікелей байланысты іске қосуда

Nasdaq Dubai халықаралық қаржы биржасы және Astana International Exchange (AIX) өздерінің орталық депозитарийлері арасында тікелей байланыс іске қосқанын жариялады. Бұл хабарландыру Дубай қор биржасы (DFM) ұйымдастырған Капитал нарығы саммиті-2025 аясында жасалды және аймақтық капитал нарықтарының интеграциясын нығайту және қосарлы листингтен өткен бағалы қағаздар үшін саудадан кейінгі қызмет көрсету тиімділігін арттыру жолындағы маңызды қадам болды.  

Қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес Nasdaq Dubai пен AIX Орталық депозитарийі (AIX CSD) екі алаңда да қосарлы листингі бар бағалы қағаздар бойынша сауда мен есеп айырысуды бірлесіп қамтамасыз етпек. Операциялық байланыс нарық қатысушыларына мұндай қағаздарды кез келген депозитарийде сақтауға, сондай-ақ екі биржада да мәмілелер жасауға мүмкіндік береді. Бұл трансшекаралық инфрақұрылым эмитенттер үшін де, инвесторлар үшін де неғұрлым қолжетімді инвестициялық ортаны қалыптастыра отырып, БАӘ мен Қазақстан арасында активтердің өзара алмасуына және бағалы қағаздардың тиімді берілуіне ықпал ететін болады. 

Бұл серіктестік инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге, өтімділікті арттыруға және БАӘ мен Орталық Азия арасында капитал нарықтарының неғұрлым терең интеграциясына бағытталған. Қосарлы листингті өткізу мүмкіндігі және бағалы қағаздар бойынша есеп айырысуды оңтайландыру арқылы екі биржа да инвесторлардың кеңірек қатысуына, операциялық тиімділікті арттыруға және екі ел арасындағы капитал ағындарына қолжетімділікке жағдай туғызады. 

Nasdaq Dubai және DFM бас директоры Хамед Әли былай деп атап өтті: 

«AIX CSD-мен ынтымақтастық капитал нарықтарының трансшекаралық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам саналады. Біздің депозитарийлеріміз арасындағы тікелей байланыс эмитенттер мен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, қосарлы листингтерді жүзеге асыруға ықпал етеді, нарықтарға қолжетімділікті жеңілдетеді және өтімділікті арттырады. Бұл Nasdaq Dubai-дің жоғары операциялық тиімділігі, сенімді әрі ыңғайлы есептеу процестері және Дубайдың сенімді халықаралық инвестициялық орталық ретіндегі мәртебесін нығайта отырып, капиталды тартудың кеңейтілген мүмкіндіктері бар жаһандық интеграцияланған нарықтарды құруға деген бейілдігін көрсетеді».  

AIX Басқарма төрайымы Әсел Мұқажанова: 

«Бұл Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне (GCC) мүше елдер мен Орталық Азия елдері үшін инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтудегі тағы бір маңызды қадам. Nasdaq Dubai депозитарийімен тікелей екіжақты байланыс эмитенттердің де, инвесторлардың да мүдделеріне сай екендігі ерекше маңызды.» 

Депозитарийлер арасында орнатылған байланыс қаржы нарықтары арасындағы трансшекаралық ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезеңі болып табылады және БАӘ мен Қазақстан арасындағы экономикалық және қаржылық қатынастарды одан әрі нығайтады. Операциялық инфрақұрылымды күшейте және капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ете отырып, бұл серіктестік нарықтарға қатысуды кеңейтуге ықпал етеді және Дубай мен Астананың болашаққа жаһандық көзқарасы бар заманауи қаржы орталықтары ретіндегі жайғасымын нығайтады. 

Анықтамалық ақпарат: 

Astana International Exchange 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту аясында құрылған. AIX акционерлері АХҚО, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және АІХ сауда платформасын ұсынатын NASDAQ болып табылады. AIX халықаралық инвесторларға таныс нормативтік-құқықтық орта аясында, ағылшын құқығының юрисдикциясында жұмыс істейді. Биржада жоғары технологиялық сауда инфрақұрылымы әзірленді және жұмыс істейді. Жергілікті және халықаралық брокерлердің экожүйесі құрылды. 2018 жылдың қараша айында AIX-те «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ IPO сәтті өтті. 2019 жылдың сәуірінде биржадағы қос листингтен Polymetal International Plc ірі тау-кен компаниясы өтті. Сондай-ақ, AIX платформасында листингтен өтіп және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің еурооблигациялары мен «Қазақстан темір жолы» АҚ корпоративтік облигациялары орналастырылды. AIX (AIX CSD) орталық депозитарийінің мүшелері екі кастодиан банкі болып табылады, AIX CSD-де инвесторлардың 60 000-нан астам шоты ашылды. AIX — Еуропа және Азия қор биржалары федерациясының мүшесі болып табылады. 2019 жылдың қаңтарында Ұлыбританияның Салық және кеден қызметі (HMRC) AIX-ке танылған қор биржасы мәртебесін берді. AIX CSD-еуропалық CSD қауымдастығының мүшесі болып табылады. www.aix.kz 

АХҚО. 2015 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығын (АХҚО) құру туралы Конституциялық заңға қол қойды. АХҚО мақсаты халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру болып табылады. АХҚО-ның міндеттері қаржы қызметтері саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру жолымен ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен бірігуін қамтамасыз ету болып табылады. www.aifc.kz 

Nasdaq Dubai – бұл Батыс Еуропа мен Шығыс Азия арасындағы өңірге қызмет көрсететін халықаралық қаржы биржасы. Биржа өңірлік және халықаралық инвестицияларды іздейтін өңірлік, сондай-ақ жаһандық эмитенттерді қолдайды. Қазіргі уақытта биржада акциялар, деривативтер, Сукук (ислам облигациялары), жай облигациялар және жылжымайтын мүліктің инвестициялық трасттары (REITS) ұсынылған. Nasdaq Dubai-дың негізгі акционері – үштен екі үлесі бар Дубай қор биржасы (DFM) болып табылады. Borse Dubai-ға акцияларының үштен бірі тиесілі. Nasdaq Dubai реттеуші органы Dubai Financial Services Authority (DFSA) болып табылады. Nasdaq Dubai Дубай халықаралық қаржы орталығында (DIFC) орналасқан. www.nasdaqdubai.com 

AIFC Services Assistant