Tech Hub Ltd. және ōzen X музыкалық токендерді іске қосу туралы негіздемелік келісімге қол қойды
2026 жылғы 10 қыркүйекте Astana Finance Days 2026: Delivering Impact. Capital in Action IX форумы аясында Tech Hub Ltd. компаниясы мен ōzen X платформасын дамытып отырған ōzen жеке компаниясы ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімге қол қойды.
Келісім Қазақстан мен Орталық Азияда музыкалық роялтиді токенизациялау платформасын дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді әріптестіктің басталуына негіз болды.
Ōzen X – Қазақстан мен Орталық Азияда музыкалық токендерді шығару үшін 7 000 тректен тұратын жеке базасы бар алғашқы музыкалық платформа атанбақ. Платформаның токенизация жөніндегі қызметін белгіленген тәртіппен «Астана» халықаралық қаржы орталығының юрисдикциясында жүзеге асыру жоспарлануда.
Жоба әртістер мен аудитория арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетігін қалыптастыруға бағытталған. Музыкалық роялтиді токенизациялау орындаушыларға өз шығармаларынан түсетін болашақ кірістер есебінен капитал тартуға, ал пайдаланушыларға музыкалық активтердің кірістеріне байланысты цифрлық құралдарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Ōzen X музыкалық дистрибуцияны, роялти төлемдері туралы бастапқы деректерді және токендер шығаруды бір платформа шеңберінде біріктіреді деп жоспарлануда.
«Музыка – күн сайын табыс әкелетін және көпшілік аудиторияға түсінікті цифрлық актив. Біздің команда көптеген жылдар бойы музыкалық дистрибуцияны дамытып келеді, ал енді ōzen X арқылы біз жаңа тәсіл ұсынамыз: әртіс бүгін капиталға қол жеткізсе, тыңдарман өзі қолдайтын туындыдан түсетін табысқа қатысу мүмкіндігіне ие болады. Біз Қазақстаннан бастаймыз, өйткені мұнда өз каталогымыз бар, ал АХҚО экожүйесі цифрлық активтер саласындағы жобаларды дамытуға жағдай жасайды», – деді ōzen X негізін қалаушы Айзатулла Хуссейн.
Ōzen X-пен ынтымақтастық Tech Hub Ltd. компаниясының токенизация инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жұмысының маңызды бағыттарының бірі.
«Біз үшін жобаның нақты деректерге негізделетіні аса маңызды: әрбір трек нақты төлемдер негізінде бағаланады, ал оның табыстылығы туралы ақпаратты инвестор токенді сатып алғанға дейін көре алады. Музыка бағыты нақты активтерді токенизациялау саласындағы сараптамамызды дамытудың келесі қадамы болмақ. Бұл жағдайда технология индустрияны алмастырмайды, керісінше оған ашық, реттелетін және қолжетімді құрал ұсынады», – деп атап өтті АХҚО Tech Hub бас атқарушы директоры Қуаныш Дайырбеков.
Tech Hub Ltd. және ōzen X бірлескен жобасы цифрлық активтерді дамытуды креативті индустриялар үшін қаржыландырудың жаңа көздерін қалыптастырумен ұштастырады деп жоспарлануда. Бастаманы іске асыру авторлар мен орындаушылардың капиталға қолжетімділігін кеңейтуге, музыкалық кірістерді есепке алудың ашықтығын арттыруға және аудиторияның цифрлық контент экономикасына қатысуының жаңа форматтарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнес ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы, сондай-ақ дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы, е-mail: [email protected]