Жасыл қаржы орталығы мен Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері Қазақстандағы тұрақты қаржыландыру нарығын дамыту бастамаларын талқылады
АХҚО Жасыл қаржы орталығының (бұдан әрі – ЖҚО) Бас директоры Айдар Қазыбаев пен ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – ҚНРДА) Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов Қазақстанда тұрақты қаржыландыру нарығын дамыту бойынша бастамаларды талқылады.
Бұған дейін АХҚО ұғымдық аппаратты заңнамалық деңгейде біріздендіру және жеке кәсіпкерлік субъектілерін жасыл қаржыландыру құралдарын пайдалануға ынталандыру мақсатында елде жасыл қаржыландыру жүйесін дамыту үшін бірқатар заңнамалық бастамалар ұсынды. ҚР Экологиялық кодексінің жобасына АХҚО ұсынған жасыл қаржыландыру, жасыл жобалар, таксономия, жасыл облигациялар және жасыл кредиттер анықтамалары енгізілді.
Кездесу барысында Айдар Қазыбаев Орталықтың ұсынған баптары бойынша ҚР Экологиялық кодексінің жобасы бірінші оқылымда мақұлданғанын атап айтты. ЖҚО Бас директоры құжат күшіне енгеннен кейін жасыл қаржы нарығын дамыту шараларын нақтылауда және оның қатысушылары үшін тиісті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеуде ҚНРДА-ның рөлі өсетіндігін атап өтті.
Сондай-ақ тараптар тұрақты қаржыландыру тәжірибесін әзірлеу және Қазақстанның қаржы секторына енгізу, сонымен қатар жасыл кредиттеу мен экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару салаларындағы мониторинг құралдары мәселелерін талқылады.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.
АХҚО миссиясы – өңірдің тұрақты ұзақмерзімді дамуына жәрдемдесу. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа бола алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттарына тұйық цикл экономикасын, қаржы технологияларын және «цифрлық қаржы орталығын» дамыту кіреді. aifc.kz
ҚНРДА қаржы ұйымдары қызметінің стандарттарын белгілеуді, қаржы ұйымдарын корпоративтік басқаруды жақсарту үшін ынталандыру жасауды, қаржы жүйесінің орнықтылығын сақтау мақсатында қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мониторингтеуді және т.б. қоса алғанда, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және қаржы нарығын дамытуға жәрдемдесетін, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ құзыреті шегінде өзге де тұлғаларды мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады. https://finreg.kz/