«Даму» қоры Қазақстандағы дебютті «жасыл» облигацияларды орналастырғаны үшін беделді халықаралық сыйлыққа ие болды
2021 жылғы Climate Bonds Awards халықаралық сыйлығын тапсырудың 6-шы жыл сайынғы рәсімінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ (« Даму» қоры) «жасыл» қаржыны ілгерілеткен әлемдегі жетекші ұйымдардың бірі болып танылды. «Даму» қорынан басқа жиырма үш үміткердің қатарында EBRD, KfW, Société du Grand Paris, Volkswagen, Alphabet Inc., Sustainalytics, Freddie Mac сияқты компаниялар болды.
Climate Bonds Awards сыйлығы (Лондон, Ұлыбритания) – бұл «жасыл» облигацияларды, қарыздарды, сукук және климаттың өзгеруімен күреспен байланысты инвестициялардағы елеулі нарықтық өзгерістерді қоса алғанда, «жасыл» және тұрақты қаржыландыру саласындағы көшбасшылықтың, озық тәжірибенің және инновациялардың халықаралық деңгейде танылуының айғағы. Сыйлық Climate Bonds Initiative халықаралық коммерциялық емес ұйымның бастамасымен пайда болған.
«Даму» қоры «Жасыл» нарықтың пионері» наградасын БҰҰДБ мен АХҚО Жасыл қаржы орталығының (ЖҚО) қолдауымен 2020 жылғы 11 тамызда «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңында орналастырылған «жасыл» облигацияларды шығарғаны үшін алды.
Шығарылым аясында ЖҚО жобаны сүйемелдеуге толық қолдау көрсетті және «жасыл» облигациялар саласындағы Эмитент саясатының AIX-тің «жасыл» облигациялар жөніндегі қағидаларына сәйкестігін бағалауға негізделген екінші тараптың қорытындысы түрінде сыртқы шолуды ұсынды.
«Жасыл» облигацияларды шығару есебінен жиналған қаражат Түркістан облысында күн электр станциясының құрылысын қаржыландыруға жұмсалды.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.
АХҚО миссиясы – өңірдің тұрақты ұзақмерзімді дамуына жәрдемдесу. Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің бірегей мүмкіндіктерімен өңірдегі елдерді байланыстыратын әмбебап платформа бола алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттарына тұйық цикл экономикасын, қаржы технологияларын және «цифрлық қаржы орталығын» дамыту кіреді.
Climate Bonds Initiative – климаттың өзгеруімен байланысты проблемаларды шешу үшін «жасыл» облигациялар нарығы арқылы капитал нарықтарын жұмылдыру мақсатын көздейтін халықаралық ұйым.