AFSA цифрлық активтермен қызметке қатысты жаңа қағидалар жинағын шығарды

АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) 2024 жылғы 1 қаңтарда күшіне енетін Цифрлық активтермен қызметке қатысты жаңа қағидалар жиынтығын жариялады.

Осыған байланысты AFSA бас директоры Нұрхат Көшімов: «Аталған қағида нарық қатысушыларымен тығыз ынтымақтастық пен консультациялар негізінде жасалды. Соңында серіктестердің пікірлері ескеріліп түзетулер де енгізілді. Жаңа реттеуші режим цифрлық актив қызметін жеткізушілерге қарсы заңсыз әрекеттер, кибер қауіп, нарықтағы теріс пайдалану және т.б. сияқты тәуекелдердің кең ауқымын қамтитын нақты құқықтық және нормативтік базаны ұсынады. Осылайша, Ережелер жиынтығы инвесторларды қорғау, әділ, реттелген әрі тиімді нарықты қолдау және АХҚО-да инновацияларға жәрдемдесу арасындағы маңызды теңгерімді қамтамасыз етеді», — деп пікір білдірді.

Құжат цифрлық активтерді сату платформасының операторлары, қорлар мен инвестицияларды басқарушылар, брокерлік немесе кастодиандық компаниялар cекілді көптеген ұйымдарды қамтитын цифрлық активтерді жеткізушілерге қатысты кеңейтілген талаптарды енгізді.

Қағидалар жинағында АХҚО-да тіркелген криптобиржалар мен Қазақстанның коммерциялық банктері арасындағы өзара іс-қимыл жөніндегі пилоттық жоба барысында алынған тәжірибені қоса алғанда, Қаржы орталығындағы цифрлық активтерге қатысты қадағалау саясаты мен практикасы шоғырландырылады. Бұған дейін цифрлық активтерге қатысты қызметті реттейтін қағидалар АХҚО-ның әртүрлі заңдарында көрсетілген болатын. Ал кейінірек ережелер кеңейтіліп, «Астана» халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) стейблкоиндер шығару құрылымын қамтитындай дәрежеге жетеді.

Цифрлық активтермен байланысты қызмет үшін нақты, егжей-тегжейлі және теңдестірілген режим АХҚО-ның халықаралық қаржы және технологиялық нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін көтеруге көмектеседі әрі инвесторларға неғұрлым арзан, жылдам, қауіпсіз қаржылық қызметтерге қол жеткізуде және активтерді басқаруда айтарлықтай артықшылықтар береді деп күтілуде. Қағидалар жинағы АХҚО-да цифрлық активтер бизнесі үшін қолайлы режим жасайды, инновацияларды көтермелейді және Қазақстан мен өңірдегі криптоиндустрияның экожүйесіне оң әсер етеді.

Цифрлық активтермен қызметке қатысты жаңа қағидалар жинағы және онымен байланысты Қаржы қызметтері бойынша АХҚО негіздемелік ережелері, Алымдар және Бизнесті жүргізу туралы АХҚО қағидалары, АХҚО жалпы ережелері, АХҚО Глоссарийі, Лицензияланған нарықтық институттар туралы қағидалар, сондай-ақ Ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл туралы қағидаларға қатысты түзетулер АХҚО сайтында жарияланды және 2024 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді.

 

 

Анықтамалық ақпарат:

Сандық актив — құнның сандық көрінісі, немесе толық айтар болсақ, (1) а) айырбастау құралы; немесе (b) есеп айырысу бірлігі; я болмаса (c) жинақ құралы ретінде қызмет ететін және cатыла алатын (2) фиат валютасына айырбастауға болатын, бірақ кез-келген юрисдикцияның басшылығы тарапынан шығарылмайтын әрі кепілдік берілмейтін және (3) жоғарыда аталған функцияларға тек цифрлық активті пайдаланушылар қауымдастығы ішіндегі келісім бойынша сәйкес келетін; және, тиісінше, (4) фиат валютасы мен электрондық ақшадан ерекшеленетін құнның сандық көрінісі.

Стейблкоин — құны фиаттық валютасына, тауарға немесе қаржы құралына тәуелді цифрлік актив.

АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы»  Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржы қызметтерін және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО тәуелсіз реттеушісі болып табылады. АХҚО ережелері қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.

АХҚО-да 78 елден 2200-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрін Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарындағы қолжетімді қызметтер тізімімен салыстыруға болады. www.afsa.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу немесе жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz

Байланыс үшін:

Қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаменті

+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45

[email protected]

AIFC AI assistant