АХҚО Жасыл қаржы орталығы Climate Bonds Initiative жыл сайынғы конференциясының өткізілуін қолдады
8-10 қыркүйек аралығында виртуалды форматта Climate Bonds Initiative (CBI) жыл сайынғы конференциясы өтті, АХҚО Жасыл қаржы орталығы осы іс-шараның серіктестерінің бірі болды.
Биыл «Жасыл өткел, он жылдық мүмкіндігі» тақырыбындағы конференцияға төмен көміртекті және барынша инклюзивті экономикаға көшуді жеделдету шараларын талқылау мақсатында 3000-нан астам инвестор, активтерді басқарушы компаниялар, саясаткерлер мен азаматтық қоғамның мүдделі тараптары қатысты.
АИИБ-Amundi Климаттың өзгеруіне инвестициялар салу ережесі, J.P.Morgan жасыл облигациялар индексінің іске қосылуы, сондай-ақ «өтпелі» терминнің енгізілуі аталмыш конференцияның маңызды тұстары болды.
CBI Бас директоры Шон Кидни: «Биылғы конференцияның тақырыбы «жасыл» экономикаға өтуге арналған, бұл тақырыптың Қазақстанға тікелей қатысы бар. Жақындағы «Даму» қорының жасыл облигацияларының алғашқы шығарылымы Қазақстандағы жасыл облигациялар нарығының басталуына негіз болды. Бұл өте қызық, себебі қаражат ШОБ субъектілерінің жаңартылатын энергия көздері жобаларын қаржыландыруға жұмсалады. Бұл керемет! АХҚО-ға тұрақты көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айтамын және «жасыл» экономикаға өтуді жүзеге асырайық», – деді.
АХҚО Қазақстан мен өңірде жасыл облигациялар нарығын дамыту бойынша жұмыс жүргізуде, соның ішінде жасыл қаржы жүйесін құруға арналған нормативті-құқықтық базаны құру және заңнамалық стандарттарды енгізу, жасыл облигациялардың бірінші эмитенті – «Даму» қорын қоса алғанда, АХҚО биржасындағы жасыл облигациялардың эмитенттеріне жан-жақты консультациялық қолдау көрсетуде.
AIFC GFC Бас директоры Айдар Қазыбаев: «AIFC GFC ең маңызды жаһандық сын-тегеуіріндердің біріне ден қою шараларын талқылау және осы ақпаратты нарық пен реттеушілердің назарына жеткізу мақсатында жетекші сарапшыларды, саясаткерлер мен қаржы мамандарын біріктіретін CBI-дың осы бастамасын қуана қолдайды. Біздің CBI-мен көп жылғы серіктестігіміз 2018 жылы Шон Кидни мырзаның АХҚО-ның жасыл қаржы жөніндегі консультативтік кеңесіне мүше болғанынан басталған болатын, ынтымақтастық Қазақстан нарығының қатысушыларына арналған жасыл облигациялар жөнінде тренингтер ұйымдастырумен жалғасты. Біз CBI-ге АХҚО-ның Жасыл өсу форумын қолдағаны үшін ризашылығымызды білдіреміз және алда ынтымақтастық үшін көптеген мүмкіндіктер бар деп санаймыз», – деді.
Анықтамалық ақпарат:
АХҚО.
“Астана” халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Бес институционалды реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспары аясында құрылды. 2020 жылдың 2 шілдесінде АХҚО Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Құжатқа сай, АХҚО Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия мен Шығыс Еуропа елдеріндегі алдыңғы қатарлы қаржы орталығы болып қалыптасу көзделген. АХҚО міндеті өңірдің ұзақмерзімді тұрақты дамуына ықпал ету. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің теңдессіз мүмкіндіктерімен өңір елдерін байланыстырушы ерекше платформаға айнала алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттары жабық циклді экономика, қаржы технологиясы мен «цифрлық қаржы орталықты» дамытуды қамтиды. https://aifc.kz/
AIFC GFC Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржы құралдарын енгізуге, Астана халықаралық қаржы орталығын жасыл қаржыландыру хабы ретінде жылжытуға және Қазақстанға жасыл инвестициялар тартуға жауапты Астана халықаралық қаржы орталығының ұйымы болып табылады. https://gfc.aifc.kz/
Climate Bonds Initiative. Инвесторларға бағдарланған және климаттың өзгеруі мәселелерін шешу үшін облигациялар нарығын жұмылдыруға ғана жұмыс істейтін халықаралық коммерциялық емес ұйым. Қосымша ақпарат алу үшін www.climatebonds.net сайтын қараңыз.