АХҚО Жасыл қаржы орталығы мен Halyk Finance ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

AIFC Green Finance Center (AIFC GFC) және Halyk Finance тұрақты және жасыл қаржыландыру саласында, атап айтқанда жасыл және әлеуметтік облигациялар шығару саласында ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, тараптар жасыл және әлеуметтік облигациялар нарығын ілгерілету және дамыту, атап айтқанда, АХҚО халықаралық биржасында (AIX) жасыл және әлеуметтік облигацияларды шығару, листингтеу және орналастыру процедураларын қолдау бойынша өзара іс-қимыл жасайды.

Halyk Finance – сату және сауда қызметі, бағалы қағаздар андеррайтерингі, брокерлік қызмет, активтерді басқару, консультациялық қызметтер және зерттеулер арқылы өңірде одан әрі үлкеюге агрессивтік жоспарлары бар бағалы қағаздар нарығында брокер-дилерлік қызметпен және Қазақстан мен Орталық Азияда инвестициялық портфельді басқарумен айналысатын жетекші компания.

Halyk Finance Басқарма Төрағасы Талғат Аюпов мырза: «Қазақстанда жасыл облигацияларды орналастыру енді ғана пайда бола бастады, сондықтан жасыл облигациялар нарығын дамыту үшін AIFС GFC, AIX және инвестициялық банктер бірлесіп жұмыс атқаруы қажет. Қазақстанның жетекші инвестициялық банкі ретінде біз үшін жаңа мүмкіндіктер мен жаңа тәжірибе ашатын ұсынылған бастамаға ынта білдіреміз, себебі жасыл облигациялардың ғаламдық нарығы эмитенттер мен инвесторлар арасында танымал және сұранысқа ие бола бастады. Қол қойылған меморандум шеңберінде Halyk Finance жасыл қаржыландыруды белсенді дамыту тұрғысынан AIFC GFC-мен жемісті ынтымақтастыққа үміт артады».

AIFC GFC Қазақстанның жасыл қаржы жүйесін қалыптастыру үшін нормативтік-құқықтық базаны құру және заңнамалық стандарттарды енгізу, АХҚО биржасының платформасында жасыл облигациялардың эмитенттеріне консультативтік қолдау көрсету, жасыл қаржыландыру саласында зерттеулер жүргізу, тренингтер мен жаңа платформа – Жасыл өсу форумы (Green Growth Forum) арқылы қоғамның хабардар болуы және бизнес-қауымдастықтың әлеуетін арттыру арқылы Қазақстан мен аймақтағы жасыл қаржыландыру және жасыл облигациялар нарығын дамыту бойынша жұмыс жүргізуде.

Айдар Қазыбаев мырза, AIFC GFC Бас директоры:

«AIFC GFC елдің инвестициялық нарығындағы жетекші ойыншылардың бірі – Halyk Finance-пен серіктестікті нығайтуға қуанышты. Мұндай ынтымақтастық бізге АХҚО биржасында жасыл және әлеуметтік облигацияларды орналастырумен байланысты транзакциялық шығындарды барынша азайтуға мүмкіндік береді, сол арқылы клиенттерімізді тұрақты инвестициялық тетіктер арқылы қаржыландыруды тартуға қосымша ынталандырады».

 

Анықтамалық ақпарат:

АХҚО. Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. «АХҚО туралы» конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО мақсаты – халықаралық деңгейдегі жетекші қаржылық қызмет көрсету орталығын құру. АХҚО міндеті ел экономикасына инвестициялар тартуға ықпал ету, қаржылық қызметтер саласына инвестиция тарту үшін тартымды жағдай жасау, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету болып табылады. www.aifc.kz

AIFC GFC Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржы құралдарын енгізуге, Астана халықаралық қаржы орталығын жасыл қаржыландыру хабы ретінде жылжытуға және Қазақстанға жасыл инвестициялар тартуға жауапты Астана халықаралық қаржы орталығының ұйымы болып табылады. https://gfc.aifc.kz/

Halyk Finance – қаржылық консалтинг пен андеррайтерингті (корпоративті эмитенттердің бағалы қағаздарын шығаруды және бастапқы орналастыруды ұйымдастыру), корпоративті қаржылық қызметтерді (компаниялардың акциялары мен үлестерін сатып алу / сату және корпоративті қарыздық қайта құрылымдау бойынша консультациялық қызметтерді қоса алғанда), брокерлік қызметтер және бағалы қағаздармен сауда жасау, маркет-мейкер қызметі, инвестициялық портфельді басқару және тұрақты талдау қызметтерін қоса алғанда, инвестициялық банктік қызметтердің барлық спектрін ұсынатын жетекші инвестициялық банк,. Halyk Finance туралы қосымша ақпарат алу үшін келесі сайтқа кіріңіз https://halykfinance.kz/

AIFC AI assistant