АХҚО мен Конго Экономика және қаржы министрлігі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды

Ағымдағы жылдың 2 тамызында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен Конго Республикасының Экономика және қаржы министрлігі (ЭҚМ) өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат тараптардың экономика, қаржылық қызметтерді дамыту және тәжірибе алмасу мәселелері бойынша ынтымақтастығы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Құжатқа «Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров пен Конго Республикасының Экономика және қаржы министрі Жан-Батист Онде қол қойылды.

Меморандумда АХҚО Орталық Азия және Шығыс Еуропа өңірінің жетекші қаржы хабы ретінде Конгоның астанасы – Браззавиль қаласында өз халықаралық қаржы орталығын құру үшін ЭҚМ-ға техникалық көмек көрсету жөніндегі мүмкіндіктерді зерделейтіні атап көрсетілген. Бұл жеке сектордағы экономикалық қызметтің жаңа түрлерін дамыту арқылы африкалық мемлекеттің экономикасын әртараптандыруға ықпал етеді деп болжануда.

Сондай-ақ меморандумның мақсаттарының қатарында орнықты қаржыландыру мен көміртегі нарығын дамыту, мұнай, тау-кен өндіру және орман өнеркәсібіндегі жобаларды қаржыландыру үшін егеменді қор құру бойынша ынтымақтастық және т.б. бар.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін тараптар бірлесіп іске асыру үшін экономика және қаржы салаларында жобаларды іздеп, әзірлейтін, экономика мен қаржы секторында, сондай-ақ орнықты қаржыландыру бойынша тәжірибе және білім алмасатын және мамандарға арналған бірлескен жұмыс алаңдарының жұмысына қатысатын болады. Сондай-ақ АХҚО мен ЭҚМ әр тараптың сарапшыларынан тұратын және меморандум мақсаттарына қол жеткізудегі прогреске шолу жүргізу үшін кездесіп отыратын бірлескен жұмыс тобын құра алады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Ренат Бектұров: «АХҚО тәжірибесі басқа мемлекеттердің қаржы орталықтарын құруы үшін үлгіге айналғаны қуантады. АХҚО Конго Республикасының қаржы секторын дамытуға жәрдемдесу үшін барлық қажетті сараптамамен бөлісуге дайын. Қол қойылған меморандум тараптар арасында байланыс орнатуға және Орталық Азия мен Африканың қаржы секторлары арасында қаржылық қызметтерді дамыту бойынша тәжірибе алмасуға ықпал ететініне сенімдімін», – деп атап өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде АХҚО мен Руанданың «Кигали» халықаралық қаржы орталығы арасында өзара түсіністік туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұл құжат қаржылық қызметтер, активтерді басқару, орнықты қаржыландыру, сақтандыру және технологиялар саласындағы қос қаржы орталығы арасындағы ынтымақтастықтың негізін қалады. Келісімге қол қойылғаннан кейін КХҚО делегациясы Astana Financial Services Authority (AFSA) қолдауымен бір апта бойы АХҚО-ның реттеу жүйесі мен қызметін зерттеді.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы (АХҚО)

«Астана» халықаралық қаржы орталығы – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы әрі дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. Бүгінгі таңда АХҚО-да тіркелген компаниялардың саны әлемнің 81 елінен 3000-ға жуық компанияны құрайды.

Қаржы орталықтарының рейтингісіне (GFCI) және Жасыл қаржының жаһандық индексіне (GFI) сәйкес Астана қаржы орталығы ретінде Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірінде өз көшбасшылығын сақтап отыр. Сондай-ақ биыл Астана түркі әлемінің қаржы астанасы мәртебесін иеленді.

_______________________________________

БАҚ-қа арналған байланыс деректері:

АХҚО, Айнұр Исабаева: +77017776558

AIFC AI assistant