АХҚО-ның Құқықтық-консультативтік Кеңесінің құрамына жаңа мүшелер қабылданды

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Құқықтық-консультативтік кеңестің (ҚКК) жаңа мүшелерін – заң саласындағы танымал сарапшылар Дэвид Симпсон мырза мен Айгүл Кенжебаева ханымды қуана таныстырады.

Құқықтық-консультативтік кеңес 2017 жылы үздік әлемдік практикаларды енгізуді қамтамасыз ету және Англия мен Уэльстің құқығын іске асыру мақсатында құрылды. Кеңес құрамына Baker McKenzie, White & Case, Herbert Smith Freehills, Norton Rose Fulbright, Hogan Lovells, Michelmores, 3 Verulam Buildings сияқты әйгілі лондондық заң фирмалары мен адвокаттар палаталарының өкілдері, жоғары білікті заңгерлер кірді. Кеңестің міндеттері – АХҚО органдары әзірлейтін жалпы қолданылатын актілерді верификациялау.

Дэвид Симпсон мырза – банк ісіне, қаржылық қызметтер мен алаяқтықпен күресуге маманданған жоғары білікті заңгер. Оның тәжірибесі туынды құралдармен, ұжымдық инвестициялық схемалармен, электронды ақшамен, маржа талаптарымен және қате төлемдерді қайтарумен байланысты күрделі процестерді жүргізуді қамтиды.

Қазақстанның Әділет министрлігі тарапынан ірі заңнамалық жоба шеңберінде бас әзірлеуші ретінде тартылған Симпсон мырза 2017 жылы АХҚО-ның құқықтық базасын қалыптастыруда негізгі рөл атқарды. Оның міндеттеріне АХҚО мен оның реттеуші органының қызметін реттейтін негізгі заңнаманы, сондай-ақ «Астана» халықаралық биржасы үшін және тұтастай алғанда капитал нарығын дамытуға арналған заңға тәуелді актілерді дайындау кірді.

Айгүл Кенжебаева ханым – құқықтық зерттеулер, жеке практика, корпоративтік құқық және халықаралық заң фирмаларын басқару саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар танымал заңгер. Ол Дьюк университетінің құқық магистрі (LL.M.) дәрежесіне ие және Қазақстанда да, халықаралық деңгейде де заңдық консультативтік және төрелік органдардың қызметіне белсенді қатысады.

Кенжебаева ханымның Қазақстанның құқықтық жүйесін терең білуі және халықаралық құқық саласындағы сарапшылық дағдылары ҚКК-ға Қазақстанның ұлттық заңнамасымен үйлесімділікті сақтай отырып, АХҚО-ның құқықтық құрылымының үздік әлемдік стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Кенжебаева ханымның корпоративтік басқару, дауларды шешу және реттеушілік комплаенс саласында мамандануы сондай-ақ АХҚО құқығының стратегиялық дамуына ықпал ететін болады.

Симпсон мырза мен Кенжебаева ханымның қосылуымен ҚКК өзінің заң сараптамасын нығайтуды жалғастыруда, бұл АХҚО-ның орнықты, ашық әрі халықаралық бағдарланған құқықтық ортаны құруға бейілділігін одан әрі растайды. Бұл мамандардың үлесі АХҚО-ның өңірдегі жетекші қаржы және заң орталығы ретіндегі позициясын нығайтудағы маңызды қадам болмақ.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz 

AIFC Services Assistant