АХҚО жасыл қаржы орталығы World Investor Week аясында ESG Investment Forum өткізді

2022 жылғы 3 қазанда World Investor Week 6-шы жыл сайынғы қаржы конференциясы аясында (2022 жылғы 3-7 қазан) ESG Investment Forum өтті, оның негізгі тақырыптары ESG инвестициялары және тұрақты даму болды.

Форумның негізгі іс-шарасы Ұлттық ESG клубының төрағасы,
АХҚО Жасыл қаржы орталығының бас директоры Айдар Қазыбаевтың модераторлығымен «ESG Ұлттық клубы тұрақты бизнес алаңы ретінде» панельдік сессиясы болды. Пленарлық сессия жұмысында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, сондай-ақ Ұлттық ESG клубына мүше компаниялардың басшылары, оның ішінде Еуразиялық Даму Банкінің Басқарма төрағасы Николай Подгузов, «Отбасы Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ Басқарма төрағасы Руслан Искаков, сондай-ақ EY серіктесі, Орталық Азия, Кавказ, Украина аймағындағы тұрақты даму саласындағы қызметтер тәжірибесінің жетекшісі Виктор Коваленко және Freedom Finance Global PLC Президенті Тимур Турлов қатысты.

Қатысушылар орнықты даму қағидаттарын ілгерілету және оларды енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша пікір алмасты, сондай-ақ Қазақстанның 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі стратегияны әзірлеу, банктердің жасыл жобаларды қаржыландыруды дамыту жөніндегі жоспарлары, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту үшін гендерлік облигацияларды пайдалану, компаниялардың қызметін трансформациялау кезінде ESG қағидаттарын қолдану сияқты өзекті тақырыптарды қозғады.

Атап айтқанда, Ә. Қуантыров мемлекеттік қызметте ESG қағидаттарын қолдану, сондай-ақ ағымдағы жылы СОР-27-ге (Египет) қатысуға дайындық аспектілерін атап өтті.

Н. Подгузов банктің 2026 жылға дейінгі стратегиясын іске асыру жөніндегі жоспарлары туралы айтып берді, онда «жасыл» жобаларды қаржыландыруға елеулі рөл бөлінеді, сондай-ақ ЕАЭО елдерімен бірлесіп, фискалдық және тарифтік саясат, шығарындылар саудасы мәселелерін қоса алғанда, климаттық күн тәртібін талқылау қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, «Отбасы Банк» АҚ және «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ өкілдері ESG қағидаттарына сәйкес процестердің трансформациясы, сондай-ақ «жасыл» және «әлеуметтік» жобаларды қаржыландыру туралы сөз қозғады.

Тимур Турлов цифрлық трансформация туралы айтып өтті, «цифрландырудың өзі ESG тұжырымдамасына өте жақсы сәйкес келеді.
Біз ипотека және автонесиелеу сияқты күрделі банктік өнімдерді цифрландырумен белсенді айналысамыз. Сол ипотеканың классикалық дизайны көптеген қағаз құжаттаманы, адам ресурстарын қажет етеді.
Бірақ сіз ресурстарды үнемдеп, процесті цифрландырған кезде, сіз қоршаған ортаға пайда әкелесіз, өйткені сіз қажетсіз әрекеттерді аз жасайсыз. Мен ESG арқасында біздің әлемде теңгерімсіздік аз болатынына сенімдімін. ESG осы процестің барлық қатысушылары үшін пайда әкелетін тұрақты өсудің абсолютті әлеуетіне ие».

Сонымен қатар, пленарлық отырыс барысында тұрақты даму бойынша мамандарды даярлау проблемалары, сондай-ақ компаниялар үшін ESG процестерін бағалау қызметтерінің жоғары құны туралы айтылды. Осылайша, EY серіктесі Виктор Коваленко кез келген сәйкестік қазірдің өзінде бизнес үшін шығындарды білдіреді деп санайды, бірақ консалтинг процесін трансформациялауға және оңтайландыруға болады, бұл бизнес үшін шығындардың төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Сессияны қорытындылай келе, Ұлттық ESG клубының төрағасы Айдар Қазыбаев Freedom Finance Global PLC компаниясына блокчейн платформасында алғашқы цифрлық ESG облигациясын шығару бойынша бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.

Бұл бастама аясында тараптар ESG инвестициялық форумының маңызды оқиғасына айналған АХҚО Жасыл қаржы орталығы мен Freedom Finance Global PLC арасында қол қойылған Ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді жүзеге асыру аясындағы перспективалар мен бірлескен тәсілдерді жеке талқылайды.

Осылайша, Freedom Finance Global PLC бүгінде 30-дан астам компанияны біріктіретін Ұлттық ESG клубының жаңа мүшесі болды.

 

Анықтама: 

Ұлттық ESG клубы 2022 жылғы 28 шілдеде Astana Finance Days 2022 шеңберінде құрылды және өз салаларында ESG-трансформацияның көшбасшылары болып табылатын 19 компанияны біріктірді. Бүгінгі таңда клуб құрамына 30 компания кіреді. 

Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекiтiлуi болып табылады.  www.aifc.kz

АХҚО Жасыл қаржы орталығы бұл Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржыны дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Негізгі мақсат-жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендтік қаржы құралдары арқылы тұрақты экономикаға инвестициялар тарту.

Бұдан басқа, АХҚО жасыл қаржы орталығы өңірлік талдау орталығы бола отырып, үкіметтерге, квазимемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлерге жасыл қаржы және тұрақты даму саласындағы стратегиялық және бизнес-консультациялар береді. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторлар мен нарық ойыншыларына АХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығаруға дайындық мәселесі бойынша алғашқы көмек көрсетеді. www.gfc.aifc.kz

AIFC AI assistant