АХҚО Жасыл қаржы орталығы трансұлттық компанияларға қызмет көрсетуге дайын екенін білдірді
АХҚО Жасыл қаржы орталығының (бұдан әрі – Орталық) Бас директоры Айдар Қазыбаев Қазақстандық «Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының Атқарушы комитетіне арнап презентация өткізді.
Қауымдастық тарапынан Ernst&Young, Eni S. p. A., Shell, Total, ArcelorMittal, METRO Cash & Carry, KNAUF, Marubeni, Deutsche Bank AG, PwC, ERG Group, Polymetal Евразия, KaR-Tel, Kazzinc, ExxonMobil, Agip Caspian Sea B V., Chevron Munaigas Inc сияқты ірі компаниялардың өкілдері қатысты.
Маусым айының басында өтетін және декарбонизация мәселелеріне арналған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 24-ші Пленарлық отырысы қарсаңында Қазыбаев мырза Орталықтың қызметі мен әрекеттері, тұрақты қаржы құралдарын қолдану, сондай-ақ ESG-трансформация бойынша өнімдер туралы айтып берді.
АХҚО Жасыл қаржы орталығы шетелдік инвесторлар кеңесіне кіретін және Қазақстанда жұмыс істейтін компаниялардың жасыл және әлеуметтік жобаларын сыртқы бағалау бойынша бірыңғай оператор болуға дайын.
Шетелдік инвесторлар кеңесінің өкілдері бастамашылығы үшін Жасыл қаржы орталығына алғыс айтып, Қазақстандық «Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының жұмыс топтарына қосылуды, Шетелдік инвесторлар кеңесінің алдағы Пленарлық отырысына материалдар дайындауға қатысуды ұсынды, сондай-ақ 2022 жылғы 27-29 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Astana Finance Days халықаралық қаржы конференциясына қатысуға дайындығын білдірді.
Анықтама:
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) 2018 жылы жұмысын бастаған тәуелсіз юрисдикция. 2025 жылға дейінгі Даму Cтратегиясына сәйкес АХҚО-ның негізгі міндеті ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдерін байланыстыратын әмбебап платформа ретінде бекiтiлуi болып табылады.
АХҚО Жасыл қаржы орталығы бұл Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржыны дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Негізгі мақсат–жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендтік қаржы құралдары арқылы тұрақты экономикаға инвестициялар тарту. Бұдан басқа, АХҚО жасыл қаржы орталығы өңірлік талдау орталығы бола отырып, үкіметтерге, квазимемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлерге жасыл қаржы және тұрақты даму саласындағы стратегиялық және бизнес–консультациялар береді. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторлар мен нарық ойыншыларына АХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығаруға дайындық мәселесі бойынша алғашқы көмек көрсетеді.