АХҚО Қазақстан мен БАӘ арасындағы инвестициялық диалогты күшейтуде

1 қазанда «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО, Орталық) Қазақстан Республикасындағы Біріккен Араб Әмірліктерінің Елшілігімен бірлесіп «Инвестициялық және экономикалық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, ынтымақтастықты талқылауға, сондай-ақ екі елдің бизнес-қоғамдастықтары арасында іскерлік байланыстар орнатуға арналды.

Дөңгелек үстелге Қазақстан мен БАӘ-нің 30-дан астам ұйымының өкілдері, оның ішінде мемлекеттік органдар, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялар, сондай-ақ жеке сектордың жетекші компаниялары қатысты. Қатысушылар қатарында «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің, Қазақстанның Даму Банкінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Самұрық-Энерго, KEGOC, Kazakh Invest, KIDF, Semurg Invest, Caspian Integrated Maritime Solutions (CIMS), Caspian Port Development Company, White Hill Capital және басқа да ұйымдардың өкілдері болды. БАӘ тарапынан энергетика, инфрақұрылым, логистика және тау-кен өнеркәсібін дамыту саласындағы жетекші компаниялардың өкілдері қатысты: AMEA Power, Masdar, AIQ, Emirates Minting, ADP, Etihad Rail International, Etihad Water and Electricity, LuLu Retail Holdings, International Resources Holding, Metito Utilities және т.б.

Іс-шараның іскерлік бағдарламасын БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейл Мұхаммед әл-Мазруи және АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров ашты.

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров: «Қазақстан мен БАӘ арасындағы стратегиялық әріптестік жыл сайын инвестициялар мен іскерлік ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашып келеді. АХҚО іскерлік байланыстарды дамытуда маңызды рөл атқарады және екі елдің компанияларын, инвесторлары мен қаржы институттарын бір алаңда тұрақты түрде біріктіреді. Орталық халықаралық мәмілелерді құрылымдау, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және қаржы нарықтарын ықпалдастыру үшін сенімді платформа ретінде қызмет етеді», – деп атап өтті.

Осындай өзара іс-әрекеттің практикалық нәтижелерінің қатарына «Орта дәлізді» дамыту аясында Caspian Integrated Maritime Solutions бірлескен кәсіпорнының, сондай-ақ Қазақстанда ірі цифрлық жобаларды іске асырып жатқан Presight AI Kazakhstan технологиялық компаниясының АХҚО-да тіркелуі кіреді. Қаржылық ынтымақтастықтың маңызды нәтижелерінің бірі — Astana International Exchange (AIX) биржасының Tabadul цифрлық биржалық хабына қосылуы, сондай-ақ Nasdaq Dubai мен AIX орталық депозитарийлері арасында тікелей байланыстың іске қосылуы және басқа да бірқатар жобалар. Еуразиялық даму банкі AIX алаңында БАӘ дирхамымен облигациялардың дебюттік шығарылымын орналастырып, Қазақстанда осы валютада облигация шығарған алғашқы эмитент болды.

Дөңгелек үстел барысында тараптар Қазақстандағы перспективалы инвестициялық бағыттар мен инфрақұрылымдық жобаларды, капитал нарықтарын дамыту мен ықпалдастырудағы АХҚО-ның рөлін, сондай-ақ жаңартылатын энергетика, инфрақұрылым, сауда және құрылыс салаларындағы бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

АХҚО-ның реттеуші базасы мен құқықтық режимі инвесторларға капиталдың қорғалуына сенімділік беріп, ірі мемлекетаралық жобаларды іске қосуға қажетті қаржылық инфрақұрылым ұсынатыны атап өтілді.

Дөңгелек үстел аясында Masdar компаниясының бизнесті дамыту және инвестициялар департаментінің (ТМД) басшысы Марьям Рашид Әл Мазруи былай деп атап өтті:

«Қазақстан мен БАӘ арасындағы инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді, ал ірі жобаларды іске асыру осы ынтымақтастықтың маңызды бөлігі болып табылады. Masdar үшін Қазақстан жаңартылатын энергетика саласындағы маңызды нарықтардың біріне айналды: біз Жамбыл облысында жел энергетикасы саласындағы ең ірі жобалардың бірі – қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салып жатырмыз. Жоба «Самұрық-Қазына» және бірқатар басқа да серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда. Сондай-ақ біз Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен жаңартылатын энергия көздері негізінде тәулік бойы энергиямен қамтамасыз етудің инновациялық жүйесін – Round-the-Clock жүйесін құру туралы келісімге қол қойдық. Біз Қазақстандағы қатысу ауқымымызды одан әрі кеңейтуге және қос тарапқа да пайда әкелетін жаңа жобаларды дамытуға мүдделіміз».

2025 жылдың қорытындысы бойынша БАӘ Қазақстанның ең ірі бес инвесторының қатарына кіріп, тікелей шетелдік инвестициялар көлемі $1,6 млрд құрады. Соңғы 20 жылда БАӘ-ден Қазақстанға салынған инвестициялардың жиынтық көлемі $7 млрд асты.

Бүгінде АХҚО экожүйесінде БАӘ-ден 50 компания тіркелген. Олар қаржы және сақтандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, құрылыс, сауда, көлік, өңдеу және тау-кен өнеркәсібі және басқа да салаларда жобаларды жүзеге асырады. Олардың қатарында Presight AI Kazakhstan Ltd., Otan Limited, Caspian Integrated Maritime Solutions Ltd, Tayyab Central Asia Ltd, Ellington Group KAZ Ltd., MQ EMIRATES GROUP Ltd., AQ Management Limited және басқа да компаниялар бар. АХҚО компанияларға мәмілелерді құрылымдау, капитал тарту және Қазақстан мен Орталық Азияда жобаларды іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды ұсынады.

2024 және 2025 жылдары АХҚО Дубай мен Абу-Дабиде инвестициялық банктерінің, қаржы компанияларының, қор биржаларының, реттеушілердің және БАӘ-нің басқа да ұйымдарының өкілдерін біріктірген бірқатар AIFC Connect іс-шараларын өткізді.

Дөңгелек үстел Қазақстан мен БАӘ арасындағы АХҚО алаңындағы инвестициялық өзара ынтымақтастықты жүйелі түрде дамытудың жалғасы болды.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе.aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]