AIX-те алғашқы қазақстандық сукук шығарылды
Astana International Exchange (AIX) биржасында алғашқы сукук[1] шығарылғанын хабарлайды. Бұл еліміздегі Ислам қаржыландыруының дамуындағы маңызды меже.
Сукук құнды қағаздарын Gamma-T LLP-дің еншілес компаниясы Gamma-T SPC Limited (Ticker Gama.1227) шығарды. Бұл компанияның бизнесі көмір өндірісіне қызмет көрсетумен байланысты.
AIX -те тіркелген Сукук бағдарламасының алғашқы шығарылымы Иджара Сукук түрінде құрастырылды, және оның мерзімі 2027 жылдың 5 желтоқсанына дейін.
AIX биржасының Нарық және Өнімдер бойынша басқарушы директоры Біржан Астаев былай деді:
«Бұл шығарылым AIX биржасы үшін де, Қазақстандағы Ислам қаржыландыруының дамуы үшін де маңызды меже. Алғашқы жергілікті сукук құнды қағаздарын тіркеу арқылы біз сан алуан әрі инклюзивті инвестициялық мүмкіндіктер аша отырып, шариат талаптарына сай келетін ғаламдық қаржылық нарықтармен байланысымызды күшейтеміз. AIX биржасы инновациялық құралдарды енгізу арқылы еліміздің қаржылық экожүйесінің тұрақты дамуына үлес қосуда».
Иджара — шариат талаптарына сай келетін лизинг келісім-шарты, бұл жерде белгілі бір активтің узуфрукты[2], яғни қолдану құқығы, активтің иесінен оны жалдаушыға екеуара келісілген бағаға беріледі. Иджара сукугының негізгі айырмашылығы — жалға берілетін актив шариат қағидаларына сай болуы керек, ал активтерді иелену құқығы оның иесінде қалады, алайда келісім мерзімінің ішінде активтерге қызмет көрсету жалға алушының міндетіне айналады.
Анықтамалық ақпарат:
AIX 2017 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шеңберінде құрылды. «Астана» халықаралық қаржы орталығы, Шанхай қор биржасы, Жібек Жолы Қоры және AIX-ке сауда платформасын да ұсынатын NASDAQ AIX акционерлері болып табылады. Биржа ағылшын құқығының қағидаларына негізделген нормативтік-құқықтық база шеңберінде жұмыс атқарады, осы арқылы сенімді инвестициялық ортаны қамтамасыз етеді. AIX миссиясы жеке және мемлекеттік кәсіпорындар үшін қаржыландыру тартудың айқын және қолайлы жағдайларын қамтамасыз ету есебінен Қазақстанда және өңірде белсенді капитал нарығын дамыту болып табылады. AIX тау-кен компаниялары үшін арнайы сегменттерді, сондай-ақ «Белдеу және жол» бастамасы шеңберіндегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытады. Толығырақ ақпарат сілтеме бойынша қолжетімді: www.aix.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық және реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
[1] Сукук — шариат қағидаларына сай, облигацияға ұқсас қаржылық құрал. Ол актив немесе бизнестің үлесін иеленуді білдіреді, және инвесторлар сол бизнес немесе активтен түсетін кірісті бөлісуге құқықты болады, алайды проценттік пайда көрмейді.
[2] Иджара (ислам лизингі) ережелері бойынша узуфрукт деген жалға алушы белгілі бір ақы төлеп, активті келісілген мерзім ішінде қолдануы, алайда бұл жағдайда активтің иесі өзгермейді.