Инвестициялардың бірыңғай бағыты – Орталық Азия: капитал тарту үшін өңірге не қажет

«Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) AIFC Insights аналитикалық орталығы және Өзбекстанның Перспективті халықаралық зерттеулер институтымен (ПХЗИ) бірлесіп Орталық Азияның инвестициялық әлеуетіне арналған зерттеу дайындады.

Зерттеуде Орталық Азиядағы басым секторлар, инвестициялық жобалар мен тұрақты бастамалар туралы құрылымдалған ақпарат ұсынылған, сондай-ақ ұлттық инвестициялық стратегиялардан неғұрлым үйлестірілген өңірлік тәсілге көшу мүмкіндіктері қарастырылған.

2000-2024 жылдар аралығында Орталық Азия елдері тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жинақталған көлемін едәуір арттырды. UN Trade and Development (UNCTAD) ұйымының World Investment Report 2025 деректеріне сәйкес 2024 жылғы жағдай бойынша өңірдің жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі (FDI inward stock) $220,5 млрд-ты құрады. Оның ішінде Қазақстанға – $151,3 млрд, Түрікменстанға – $44,6 млрд, Өзбекстанға – $16,7 млрд, ал Қырғызстан мен Тәжікстанға жиынтық түрде $7,9 млрд тиесілі [1].

Бүгінде халқы 80 миллионнан асатын және жиынтық ЖІӨ көлемі $500 млрд-тан жоғары Орталық Азия өңірі институционалдық базаны нығайтып, халықаралық экономикалық байланыстарды кеңейтіп, цифрлық және жасыл технологияларды белсенді түрде енгізуде.

Өңірдің инвестициялық дамуына халықаралық қаржы институттары да маңызды рөл атқаруда. Мәселен, АХҚО құрылған сәттен бастап түрлі жобаларға $21 млрд-тан астам инвестиция тартуға ықпал етіп, трансшекаралық капитал мен халықаралық бизнес үшін инфрақұрылым ұсынып келеді.

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров былай деп атап өтті: «Бүгінде инвестициялар мен өнеркәсіптік дамуға қатысты өңірлік тәсіл ең перспективалы бағыттардың біріне айналуда. Орталық Азия өзара толықтыратын экономикалық артықшылықтарға ие, ал ұлттық және өңірлік стратегияларды үндестіру өңірді жоғары инвестициялық сыйымдылыққа және елеулі өсу әлеуетіне ие біртұтас экономикалық алаң ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. АХҚО трансшекаралық жобалар үшін ашық әрі болжамды орта қалыптастыра отырып, мұндай кооперация платформасы болуды жалғастыруға дайын».

Өңірлік кооперацияның практикалық мысалдарының бірі ретінде Қазақстан мен Өзбекстанның ортақ мемлекеттік шекарада «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құруын атауға болады. Аталған орталық бірлескен кәсіпорындарды, логистикалық хабтарды және бірыңғай стандарттар мен рәсімдер негізіндегі сауда алаңдарын қамтиды деп жоспарлануда. Болашақта бұл модель өңірдің басқа шекара маңындағы аймақтарына да таратылуы мүмкін.

Өңірлік өзара іс-қимылдың қосымша бағыттарына су дипломатиясы саласындағы іс-қимылды үйлестіру, инфрақұрылымды климаттық бейімдеу, жасыл энергетикаға инвестициялар, тұрақты ауыл шаруашылығын дамыту, цифрлық трансформация және кадрларды даярлау жатады.

Аталған бағыттар өңірдегі неғұрлым жүйелі инвестициялық ынтымақтастықтың негізін біртіндеп қалыптастыруда.

Негізгі сын-қатерлердің бірі – Орталық Азияның бірыңғай инвестициялық позицияланбауы. Жекелеген елдердің ілгерілеуіне қарамастан, халықаралық инвесторлар өңірді әлі де біртұтас экономикалық кеңістік ретінде емес, жекелеген юрисдикциялар жиынтығы ретінде қабылдайды. Бұл жалпы инвестициялық әсерді төмендетіп, өңірдің жаһандық капитал үшін бәсекеге қабілеттілігін шектейді.

ПХЗИ директоры және Әлемдік экономика және дипломатия университетінің академиялық мәселелер жөніндегі бірінші проректоры Акрам Умаров: «Халықаралық инвесторлар инвестициялық мүмкіндіктер мен оның дамуын макроөңірлік тұрғыдан жиі қарастырады, ал Орталық Азияның бірыңғай инвестициялық кеңістік қалыптастыру үшін барлық алғышарттары бар. Трансшекаралық жобаларды бірлесіп ілгерілету ауқымды мүмкіндіктерге жол ашып, өңірдің жаһандық инвестициялық картадағы позициясын күшейтеді», – деп атап өтті.

Зерттеу авторларының айтуынша, жаһандық капитал үшін бәсекелестік жағдайында инвесторларға жекелеген жобаларды ғана емес, ауқым, болжамдылық және мықты институционалдық тетіктер ұсына алатын өңірлер жеңіске жетеді. Осы тұрғыда Орталық Азияда біртұтас өңірлік инвестициялық бренд қалыптастыруға және халықаралық аренадағы өз позициясын нығайтуға барлық алғышарттар бар.

Зерттеумен мына сілтеме арқылы танысуға болады.

Анықтамалық ақпарат:   

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті халықаралық стандарттарға сай ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестиция тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі

Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы

E-mail: [email protected]


[1] Дереккөз:  World Investment Report 2025: International investment in the digital economy

AIFC Services Assistant