АХҚО Орталық Азия мен Кавказдың капитал нарықтары бойынша алғашқы өңірлік шолу жасады

АХҚО аналитикалық орталығы AIFC Insights «Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжанның капитал нарықтары: мүмкіндіктер мен трендтер» атты есепті жариялады. Бұл есеп Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан сияқты төрт экономиканың капитал нарықтарына арналған Орталық Азиядағы алғашқы кешенді салыстырмалы талдау болып табылады.

Зерттеу капитал нарықтарының негізгі салаларын, институционалдық архитектурасын, реттеушілік өзгерістерді және инвестициялық үрдістерді қамтып, сондай-ақ әр елдің дамуындағы ортақ сын-қатерлерді айқындайды.

АХҚО басқарушысы Ренат Бектұров атап өтті: «Бұл есеп капитал нарықтарының Орталық Азия мен Кавказдағы қалыптасуына әсер ететін факторларды тереңірек түсінуге ұмтылатын инвесторларға, қаржы институттарына, реттеушілерге, салалық сарапшыларға және нарық қатысушыларына арналған. Құрылымдық реформалар, макроэкономикалық тұрақтылықтың артуы және жаһандық қаржы жүйесімен интеграцияның тереңдеуі өңірдегі капиталды бөлу, жұмылдыру және инвестициялау тәсілдерін өзгертіп жатыр. АХҚО-да біз өңірлік ынтымақтастықты, ашықтықты және инвесторлардың сенімін капитал нарықтарын дамытудың негізгі іргетасы ретінде қарастырамыз».

Зерттеуге сәйкес, қарастырылған елдердің ішінде Қазақстан капитал нарығының ең дамыған архитектурасына ие. Елдің жиынтық мемлекеттік жинақтары $110 млрд асады және салыстырмалы түрде дамыған нарықтық инфрақұрылымы бар. Бөлшек инвесторлар Қазақстанның капитал нарығында маңызды рөл атқаруда. 2025 жылғы қыркүйек айының соңындағы жағдай бойынша брокерлік шоттар саны Бағалы қағаздардың орталық депозитарийінде (KCSD) 4,62 млн, ал AIX CSD депозитарийінде 2,17 млн жетті. 2024 жылы акциялардың қайталама нарығындағы айналымның 62,1% жеке инвесторларға тиесілі болса, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 55,2% құрады. Осы кезеңде акциялармен жасалған мәмілелер саны 4,5 млн дейін өсіп, 2024 жылдың толық жылдық көрсеткіші болған 3,6 млн мәміледен асты.

Борыштық нарық экономиканы қаржыландыру жүйесінің негізі болып қала береді. 2025 жылғы қыркүйек айының соңында корпоративтік және мемлекеттік облигациялардың жиынтық көлемі шамамен $81 млрд немесе ел ЖІӨ-нің шамамен 43% құрады.

Өзбекстан

Әрбір өңірлік нарық өз траекториясымен дамып, өзінің стратегиялық басымдықтарына ие. Өзбекстанда капитал нарығының қазіргі даму кезеңі реттеушілік өзгерістермен байланысты. Нарықтың негізгі ерекшеліктерінің бірі – оның номиналды көлемі мен нақты өтімділік деңгейі арасындағы айырмашылығы. Акциялар нарығының жиынтық капитализациясы шамамен $22 млрд құраса, еркін айналыстағы акциялардың көлемі шамамен $350 млн бағаланады. Бұл әзірге қайталама нарықтың тереңдігін шектеп отыр.

Соңғы жылдары Өзбекстан халықаралық борыштық нарықтарды белсенді пайдаланып келеді. 2025 жылы егемен қарыз алу көлемі шамамен $1,5 млрд құрап, негізінен бюджет тапшылығын қаржыландыруға және мемлекеттік жобаларды қолдауға бағытталды.

Қырғызстан

Қырғызстанның капитал нарықтары ашық әрі қарқынды интеграцияланған экономика жағдайында дамып келеді. Бұл экономика белсенді трансшекаралық байланыстарға және экономикалық өсуді қолдаудағы қаржы секторының маңызды рөліне сүйенеді.

Нарық инфрақұрылымның біртіндеп дамуын және сауда белсенділігінің өсуін көрсетуде. Қырғыз қор биржасындағы сауда көлемі 2025 жылғы маусым айына қарай  $573,9 млн жетіп, 2023 жылдың толық жылдық көрсеткішінен екі есеге жуық асты.

2025 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қырғыз қор биржасында жиынтық нарықтық капитализациясы шамамен  $2,6 млрд құрайтын 23 эмитенттің акциялары листингтен өткен.

Сауда белсенділігінің негізгі бөлігі борыштық құралдар сегментінде шоғырланған. 2025 жылдың басында корпоративтік облигациялар саудасының көлемі  $150,5 млн құрап, акциялар саудасының көлемінен ($104,9 млн) асты. Мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесіне небәрі  $13,9 млн тиесілі болды.

Әзербайжан

Мұнай-газ секторы Әзербайжанның капитал нарығында ЖІӨ, экспорт және бюджет кірістерін қалыптастырудағы жетекші рөлін сақтап отыр.

2024 жылы ел тарихындағы алғашқы IPO өткізілуі нарық үшін маңызды оқиға болды. Борыштық құралдар ішкі капитал нарығының негізгі сегменті болып қала береді. 2025 жылдың алғашқы үш тоқсанында Баку қор биржасында жалпы көлемі шамамен $2,3 млрд құраған мемлекеттік облигацияларды орналастыру есебінен белсенділік артты.

Сараптамалық болжамдар капитал нарығының одан әрі дамуын, соның ішінде жаңа корпоративтік эмитенттердің биржаға шығуын және 2026 жылы жоспарланған мемлекеттік инфрақұрылымдық облигацияларды орналастыруды көрсетеді.

Елдерді салыстырмалы талдау үшін зерттеуде 1990-жылдардан бері елеулі ауқымға жеткен Польша, Вьетнам және Абу-Даби (БАӘ) нарықтарының тәжірибесі де қарастырылған.

Мысалы, Қазақстан мен Польша 2024 жылы нарықтық капитализацияның ЖІӨ-ге қатынасы бойынша ұқсас көрсеткіштерге ие болды — шамамен 22%. Алайда Польша дамыған нарық (Developed Market)[1] ретінде жіктелсе, Қазақстан шекаралық нарық (Frontier Market) санатына жатады. Польша тәжірибесі нарық мәртебесін арттыруда шешуші фактор ретінде экономикалық ауқымнан гөрі реттеудің сапасы, операциялық инфрақұрылымның дамуы және инвесторлар үшін қолжетімділік маңызды екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, FTSE Russell Вьетнамның шекаралық нарық мәртебесінен (Frontier Market) екінші деңгейдегі дамушы нарық (Secondary Emerging Market) мәртебесіне қайта жіктелетінін растады. Өзгеріс 2026 жылдың қыркүйегінде күшіне енеді.

Мәртебенің жоғарылауы нарық көлемінен гөрі оның қолжетімділігі мен операциялық тұрғыдан инвестициялауға жарамдылығын көрсетеді. Атап айтқанда, шетелдік институционалдық инвесторлар үшін алдын ала қаржыландыру талабын алып тастау және орындалмай қалған мәмілелерді реттеудің ресми рәсімін енгізу маңызды рөл атқарды.

Бұл мысал капитал нарығының экономикалық ауқымынан гөрі операциялық кедергілерді жою, реттеуді жетілдіру, институттардың сапасын арттыру және нарықтың сенімділігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды екенін дәлелдейді.

АХҚО – жаһандық нарықтарға апаратын көпір

Зерттеуде «Астана» халықаралық қаржы орталығына және оның өңірлік нарықтарды халықаралық инвестициялық қоғамдастықпен байланыстырудағы рөліне ерекше назар аударылған.

Орталық инвесторларға ағылшын жалпы құқығы қағидаттарына және халықаралық реттеу стандарттарына негізделген инфрақұрылым ұсынады. Орталықтың салықтық моделі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) ресми мойындауына ие болды. Бұл АХҚО-ны салықтық ашықтық бойынша жаһандық талаптарға сәйкес келетін шекаралық нарықтардағы санаулы қаржы хабтарының біріне айналдырады.

Экожүйенің негізгі элементтерінің бірі — Nasdaq платформасында жұмыс істейтін Astana International Exchange (AIX) биржасы. Биржа Euroclear және AIX пен Абу-Даби қор биржасын (ADX) біріктіретін Tabadul цифрлық хабы арқылы жетекші халықаралық алаңдармен интеграцияланған.

Solidcore Resources компаниясы 2023 жылы Джерси юрисдикциясынан АХҚО юрисдикциясына редомициляцияны аяқтап, AIX-ті өзінің негізгі биржалық алаңы ретінде таңдады. Бұл тәжірибе AIX-тің халықаралық стандарттарға сәйкестігін және халықаралық есептерді қамтамасыз ету қабілетін растайды.

Жалпы алғанда, өңірдің капитал нарықтары ұзақ мерзімді қаржыландыруды жұмылдырудағы рөлін біртіндеп күшейте отырып, дамуын жалғастыруда. Олардың одан әрі дамуы өтімділікті тереңдетуге, эмитенттер мен инвесторлар базасын кеңейтуге, сондай-ақ нарықтық тәжірибелердің халықаралық стандарттарға жақын болуына байланысты болады. Есептің толық нұсқасы сілтеме арқылы қолжетімді.

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – халықаралық стандарттар негізінде бизнесті ашық әрі тиімді жүргізуге, инвестициялар тартуға және жаңа өнімдер мен қызметтерді енгізу арқылы елдің қаржы нарығын дамытуға арналған экожүйе. www.aifc.kz

АХҚО баспасөз қызметі
Айнұр Исабаева, баспасөз хатшысы
e-mail: [email protected]


[1] FTSE Russell – әлемдегі жетекші индекс провайдерлерінің бірі. Ол елдердің капитал нарықтарын төрт санатқа бөледі: шекаралық нарықтар (Frontier Markets), екінші деңгейдегі дамушы нарықтар (Secondary Emerging Markets), жетілдірілген дамушы нарықтар (Advanced Emerging Markets) және дамыған нарықтар (Developed Markets). Қазіргі уақытта Қазақстан шекаралық нарық ретінде жіктеледі, бұл оның даму деңгейін де, өсу әлеуетін де көрсетеді.

AIFC Services Assistant