«Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Росгеология ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) мен «Росгеология» АҚ Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумының алаңында геологиялық барлауды қаржыландырудың балама көздерін тарту мақсатында АХҚО базасында цифрлық платформа құру бойынша ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
«АХҚО-ның құқықтық режимі жаңа қаржы құралдарын пайдалануды реттеуге мүмкіндік береді. Инвестиция тартуда блокчейн технологиясы арқылы активтерді токендеуге болады. Росгеологиямен ынтымақтастық орнату ірі қаржылық емес ұйымдардың қаржы технологияларды қолдануы заманауи шешімдердің жарқын мысалы» – деді АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов.
«Қазақстан Республикасы – криптоэкономикада белсенді жұмысқа бейімделген әлемнің аз ғана елдерінің бірі. Себебі АХҚО базасында реттеуші нормалары бар» – деп атап өтті Росгеология басшысы Сергей Горьков. – Біз геологиялық барлау мен жеке инвестицияларды тартуда инновациялық құрал болатын бастаушы компанияларды ерте қаржыландырудың цифрлық платформасын әзірлеу үшін АХҚО-мен күш-жігерді біріктіргенге қуаныштымыз.
Цифрлық платформа токенделген активтер мен өтімділікті қолдау, криптоқорғау цифрлық құралдары бар блокчейн технологияларында іске асырылатын болады.
Анықтамалық ақпарат:
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. АХҚО-ны құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО мақсаты-халықаралық деңгейдегі қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО-ның міндеттері ел экономикасына инвестициялар тартуға ықпалдасу, қаржылық қызмет көрсету саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету.
«Росгеология» – геологиялық барлауға байланысты қызметтердің толық спектрін жүзеге асыратын ресейлік көп бейінді геологиялық холдинг. Холдинг бірегей құзыретке ие, оның ішінде теңіз геологиясы және қайраңда да жұмыс істей алады. Холдинг кәсіпорындары 1000-нан астам кен орнын ашты, олардың арасында-көмірсутек шикізаты мен қатты пайдалы қазбалардың ірі кен орындары бар. “Росгеология” АҚ–ның акциялары 100% мемлекет меншігінде.