АХҚО Жасыл қаржы орталығының Бас директоры Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барды
2021 жылғы 14 мамырда АХҚО Жасыл қаржы орталығының Бас директоры Айдар Қазыбаев Еуразия даму банкі Басқарма Төрағасының орынбасары Амангелді Исеновпен бірге Бішкек қаласына жұмыс сапарымен барды.
Сапар аясында Қырғызстанның негізгі мемлекеттік органдарының басшыларымен және коммерциялық компаниялармен кездесулер өтті.
Қырғыз Республикасының Инвестицияларды ілгерілету және қорғау министрі Алмамбет Шықмаматовпен кездесу барысында Қырғыз тарапы Қырғыз Республикасының аумағында инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде Халықаралық төрелік орталық пен АХҚО сотының мүмкіндіктерін пайдалануға, Қырғызстан үшін инвестициялық даулар бойынша төрешілерді дайындауға, сондай-ақ Министрлік ғимаратында АХҚО кеңсесін ашуға мүдделі екендігін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша бір ай ішінде АХҚО мен Министрлік арасындағы ынтымақтастық туралы келісім жобасын әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қырғыз Республикасының Қаржы вице-министрі Мирланбек Байгончоковпен кездесу барысында Қырғыз қаржы секторының өкілдері үшін қаржылық білім беру саласындағы ынтымақтастықты күшейту мүмкіндіктері талқыланды.
Қырғызстанның Энергетика және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрдин Қожоғұловпен кездесу барысында еліміздің энергетика саласын реформалау бойынша қажетті қадамдарды анықтау үшін Қырғызстанның энергетикалық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеуде АХҚО тарапынан қолдау көрсету мүмкіндіктері талқыланды. Қырғыз тарапына маусымдық сипаттағы энергияға тәуелділікті төмендету үшін электр қуатын сақтау орталықтарын салу мүмкіндігін зерделеу ұсынылды.
«Бішкек» еркін экономикалық аймағы Қырғыз Республикасында негізгі іскерлік серіктес болуға дайын екендігін білдірді, бұл туралы кездесу барысында АЭА аппаратының басшысы Дәулетбек Туголбаев мәлімдеді.
Өз кезегінде «Оптима Банк» АҚ Басқарма Төрағасы Бейбіт Қапышев «Астана» халықаралық қаржы орталығының жаңа перспективалық қаржылық технологияларды енгізу, өз базасында қаржы академиясын құру, сондай-ақ Қырғызстанда қаржылық қызметтерді дамытуға жәрдемдесу бойынша негізгі қаржылық серіктесі болуға дайын екендігін білдірді.
Осыған байланысты Қырғызстанда жасыл және исламдық қаржыландыруды енгізуді көздейтін егжей-тегжейлі жол картасын бірлесіп әзірлеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сондай-ақ, «Айыл Банк» Басқарма Төрағасы Ұлан Букабаевпен кездесу өтті, ол толық циклді «жасыл банк» санатына өту үшін AIFC Green Finance Centre тарапынан қолдау туралы өтініш білдірді, сондай-ақ халықаралық экологиялық және климаттық қорлар есебінен қорландыруға жәрдем көрсетуді сұрады.
Қорытынды кездесу Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рәпіл Жошыбаевпен болды, ол Қырғызстандағы АХҚО қызметін ілгерілетуге толық жәрдемдесетініне сендірді.
Анықтамалық ақпарат
«Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 қадам» Ұлт жоспарының шеңберінде құрылған. 2020 жылғы 2 шілдеде АХҚО-ны Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Оған сәйкес АХҚО пайымы Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО елдері, Батыс Қытай, Моңғолия және Шығыс Еуропа кіретін өңірде жетекші халықаралық қаржы орталығы ретінде қалыптасуда болып табылады.
АХҚО Жасыл қаржы Орталығы бұл Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржыны дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Негізгі мақсат – жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендтік қаржы құралдары арқылы тұрақты экономикаға инвестициялар тарту. Бұдан басқа, АХҚО Жасыл қаржы Орталығы өңірлік талдау орталығы бола отырып, үкіметтерге, квазимемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлерге жасыл қаржы және тұрақты даму саласындағы стратегиялық және бизнес-консультациялар береді. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторлар мен нарық ойыншыларына АХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығаруға дайындық мәселесі бойынша алғашқы көмек көрсетеді.