Беларусь Республикасы Қаржы Министрлігінің делегациясы “Астана” Халықаралық қаржы орталығында болды
Министрдің орынбасары Ольга Тарасевич бастаған Беларусь Республикасы Қаржы министрлігінің делегациялары 2021 жылғы 16 шілдеде “Астана” халықаралық қаржы орталығында болды. Минскіден келген делегацияны Беларусь Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Павел Утюпин алып жүрді.
Қонақтар АХҚО органдарының, оның ішінде Сот және Халықаралық төрелік орталығының, Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеттің, Исламдық қаржы, бизнес хабының және Экспат орталығының қызметтерімен танысты. Қонақтардың назарын Жасыл қаржы орталығы мен АХҚО Биржасының жұмысы аударды, өйткені сапардың негізгі мақсаты АХҚО алаңында жасыл облигацияларды орналастыру мәселесін талқылау болып табылады.
Беларусь тарапының АХҚО Биржасында осындай облигацияларды орналастыру туралы мүдделілігін ағымдағы жылдың маусым айының соңында өткен Қазақстанға жұмыс сапары шеңберінде АХҚО-ға бару кезінде Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко белгілеген еді.
Осыған байланысты Жасыл қаржы орталығының басшысы Айдар Қазыбаев Қазақстан Республикасының Қаржы Вице-министрі Дәурен Кеңбейіл, ЕАДБ Басқарма төрағасының орынбасары Амангелді Есенов және АХҚО Биржасының басшысы Ренат Бектұровтың қатысуымен жасыл бағалы қағаздарды орналастыру бойынша ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын талқылау үшін Беларусь Қаржы министрлігінің делегациясымен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында Беларусь Республикасының Қаржы министрлігі республикада жасыл қаржыландыру құралдарын енгізуге мүдделілік танытты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар АХҚО, Еуразиялық даму банкі және Беларусь Республикасының Қаржы министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы үшжақты негіздемелік келісімге қол қойды.
Келісім Беларусь Республикасына АХҚО Жасыл қаржы орталығының платформасында жасыл қаржыландыруды дамытуға жәрдемдесуді, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік жобаларға инвестициялар саласында озық тәжірибе мен білім алмасуды көздейді.
Анықтамалық ақпарат:
“Астана” Халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен “Бес институционалды реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам” Ұлт жоспары аясында құрылды.2020 жылдың 2 шілдесінде АХҚО Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Құжатқа сай, АХҚО Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия мен Шығыс Еуропа елдеріндегі алдыңғы қатарлы қаржы орталығы болып қалыптасу көзделген.
АХҚО міндеті өңірдің ұзақмерзімді тұрақты дамуына ықпал ету. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, «АХҚО өзінің теңдессіз мүмкіндіктерімен өңір елдерін байланыстырушы ерекше платформаға айнала алады». АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттары жабық циклді экономика, қаржы технологиясы мен «цифрлық қаржы орталықты» дамытуды қамтиды. www.aifc.kz
АХҚО Жасыл қаржы орталығы бұл Қазақстан мен Орталық Азияда жасыл қаржыны дамытуға жәрдемдесу үшін құрылған АХҚО ұйымы. Негізгі мақсат-жасыл және әлеуметтік облигациялар сияқты трендтік қаржы құралдары арқылы тұрақты экономикаға инвестициялар тарту. Бұдан басқа, АХҚО жасыл қаржы орталығы өңірлік талдау орталығы бола отырып, үкіметтерге, квазимемлекеттік ұйымдар мен кәсіпкерлерге жасыл қаржы және тұрақты даму саласындағы стратегиялық және бизнес-консультациялар береді. Орталық әлеуетті эмитенттерге, инвесторлар мен нарық ойыншыларына АХҚО биржасында жасыл облигацияларды шығаруға дайындық мәселесі бойынша алғашқы көмек көрсетеді.