Евгения Богданова AFSA Бас директоры лауазымына тағайындалды
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) AFSA Директорлар кеңесінің шешімімен Евгения Богданова 2024 жылдың 21 қазанынан бастап AFSA Бас директоры болып тағайындалғаны туралы хабарлайды.
Бұған дейін осы лауазымды атқарып келген Нұрхат Көшімов АХҚО Басқарушысының кеңесшісі болды.
Евгенияның 25 жылдан астам жұмыс тәжірибесі халықаралық қаржы нарықтарымен байланысты болды. AFSA-ға келгенге дейін бес жыл бойы ол Astana International Exchange («AIX») реттеу және комплаенс жөніндегі басшысы болды және осы лауазымда қаржы құралдарын саудаға жіберуге, AIX сауда қатысушыларының қызметін қадағалауға, AIX нарығына қатысушыларға арналған реттеуші базаны әзірлеуге және оның орындалуын қамтамасыз етуге жауапты болды, сондай-ақ AIX-тің комплаенс, корпоративтік басқару, тәуекелдерді басқару және ішкі аудит саласындағы функцияларына жетекшілік етті. AIX-те жұмыс істегенге дейін Евгения Renaissance Capital инвестициялық банкінде заң қызметі мен корпоративтік басқару блогына басшылық етті.
White & Case компаниясында жеке заң практикасымен айналыса отырып, ол әлемдегі жетекші инвестициялық банктердің, ірі корпорациялардың, егеменді эмитенттердің және қор биржаларының мүдделерін білдіре отырып, бағалы қағаздар мен капитал нарықтарындағы трансшекаралық мәмілелерге қатысты көптеген мәселелер жөнінде кеңес берді.
Евгения өзінің мансабын Ресейдің Бағалы қағаздар нарығы жөніндегі федералды комиссиясында бастады, онда ол бағалы қағаздар нарығын реформалау бойынша заң жобалау және халықаралық даму институттарының қолдауымен жаһандық стандарттарды енгізу жұмысына қатысты.
АХҚО Басқарушысы Ренат Бектұров:
«Мен Нұрхат Көшімовке AFSA-ны дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіремін. Мен сондай-ақ Евгенияны жаңа лауазымға тағайындалуымен қуана құттықтаймын. Оның мол білімі мен тәжірибесі AFSA-ны одан әрі даму мақсаттарына жетелейтініне сенімдіміз».
AFSA Бас директоры Евгения Богданова:
“Мен “Астана” халықаралық қаржы орталығының бір бөлігі болып, әділ және ашық қаржы нарықтарын одан әрі табысты құруға және АХҚО юрисдикциясында бизнесті жүргізу үшін қолайлы ортаны дамытуға өз үлесімді қосатыныма қуаныштымын”.
Анықтама үшін:
АХҚО Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) – «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қаржылық қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 82 елден 3200-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрі Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай және т.б. сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарында қолжетімді қызметтер тізімімен ұқсас. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу және жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық, реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс ақпараты:
Жұртшылықпен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45 [email protected]