Қазақстанда өңірлердің инвестицялық тартымдылығы рейтингі жасалады
Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің Қазақстан Республикасына сапары аясында Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі (ары қарай – СЖРА), Ресей Федерациясы Стратегиялық бастамалар агенттігі (ары қарай – СБА) «Астана» халықаралық қаржы орталығы Әкімшілігімен (ары қарай – АХҚОӘ) және ҰТБ платформасымен бірлесіп инвестициялық климатты жетілдіру, институционалдық ортаны дамыту, цифрлық және технологиялық даму, кәсіпкерлік пен мемлекеттік басқару саласындағы адами потенциалды арттыру, өңірлерді дамытуға бағытталған жобалар мен бастамаларды іске асыру, экологияны сақтау мен климаттың өзгеруіне бейімделу («жасыл экономика») салаларында Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Құжатқа СБА бас директоры Светлана Чупшева, СЖРА төрағасы Қайрат Келімбетов, АХҚОӘ басқарма төрағасы Ернұр Рысмағамбетов және ҰТБ платформасының бас директоры Дмитрий Песков қол қойды.
Келісімде көрсетілген тарауларды іске асыру мақсатында бірлескен Стратегиялық Бастамалар Кеңсесін ашу жоспарланған. Оның құрамына тараптардың өкілдері кіреді. Ондағы мақсат бірлескен даму жобаларын құру және кеңейту болмақ.
Құжат аясында СБА-ның Ресей Федерациясы өңірлерінің инвестициялық климатының рейтингін құрудағы тәжірибесін ескере отырып Қазақстан өңірлерінің инвестициялық тартымдылығы рейтингі жасалады.
«Рейтинг басқару тобын тұрақты өзгерістерге ынталандырады. Бұл тәжірибе әріптестерімізге пайдалы болады деп үміттенеміз. Осы бағыттағы жұмыстарды бірлесіп атқарамыз», деді СБА бас директоры Светлана Чупшева.
«Келісімге қол қою біз үшін азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған жобалар мен бастамаларды бірлесе дайындау мен ілгерілетуге үлкен мүмкіндіктер ұсынады. Екі елдің білім беру, технология, инвестициялық климат, туризм мен экологияны дамыту бойынша бірлескен бастамаларды сәтті іске асыру жалпы осы өңірдің дамуына ықпал етпек», деді СЖРА төрағасы Қайрат Келімбетов.
Өз жағынан АХҚОӘ Қазақстан Республикасындағы инвестициялық мүмкіндіктер мен шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдау жүйесі, сонымен қатар «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұсынып отырған өнімдер мен қызметтер секілді ынтымақтастықтың жаңа бағыттары туралы ақпараттандырып отырмақ.
ҰТБ платформасы білім беру, жүргізушісіз көлік, экологиялық мониторинг, медицина және өзге де салалардағы бірлескен бағдарламаларды және үлкен мәліметтермен жұмыс істейтін мамандарды дайындау мен біліктіліктерін жетілдіру бағдарламаларын жобалауға көмек көрсетеді.
Анықтамалық ақпарат:
Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік – мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі орталығы. Агенттік стратегиялық жоспарлау, мемлекеттік статистика салаларына және реформалар жүргізуге жетекшілік етеді.
Стратегиялық бастамалар агенттігі – қоғамдық маңызы бар жобалар мен бастамаларды қолдау арқылы орта кәсіпкерлік пен әлеуметтік саладағы кәсіби жас мамандар мен ұжымдардың әлеуметтік және кәсіби мобтльділігін дамытуға көмек көрсетеді.
Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. АХҚО құру туралы конституциялық заңға 2015 жылдың 7 желтоқсанында қол қойылған. АХҚО мақсаты — халықаралық қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО -ның мақсаты — ел экономикасына инвестиция тартуға көмектесу, қаржылық қызметтерге инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциясын қамтамасыз ету.