Президент Қ.К. Тоқаев қытайлық іскерлік орта өкілдеріне «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтарын айтып берді

Президент өз сөзінде дөңгелек үстелге қатысушыларға ілтипат білдіре отырып, әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда-саттық көлемі рекордтық көрсеткішке – 31 миллиард долларға жетті. Қытай Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кіреді. Құйылған инвестицияның жалпы көлемі 23 миллиард  доллардан асты, — деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанына назар аударып,  жаңартылатын энергия көздерінің үлесін  2030 жылға дейін 15 пайызға жеткізу міндеті тұрғанын мәлімдеді. 

– Мемлекет бұл салаға инвестиция салуға жан-жақты қолдау көрсетеді. Мысалы, біз электр қуатын 20 жылға дейін аукциондық тарифпен сатып алуға кепілдік береміз. Бұл тариф жыл сайын  инфляцияны және валюта бағамының өзгерісін ескере отырып белгіленеді. Қытайлық әріптестерімізді осы саланың инвестициялық мүмкіндігін қарап көруге шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың назарын аударды.

– Мұндай тасымал жолы өте ұтымды екені сөзсіз. Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту ісінде осы орталық негізгі хаб болады.  Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз. «Достық – Мойынты» арасындағы темір жолға күрделі жөндеу жүргізіледі.  Сонда темір жол арқылы жыл сайын 20 миллион тоннаға дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік туады. Еуропа мен Азия арасындағы транзитті жандандыру үшін Транскаспий бағдарын дамыту маңызды деп санаймын. Бұл бағыттың болашағы зор, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қытайлық іскерлік орта өкілдерін қаржы саласындағы серіктестікті нығайтуға шақырып, оларға «Астана» халықаралық қаржы орталығының  артықшылықтарын айтып берді.  Қазір Қаржы орталығында 73 елдің 1 800-ден астам компаниясы тіркелген. Олардың оннан бірі – Қытай компаниялары. Оған қоса, келешекте China International Capital Corporation (CICC) ұйымы Қазақстанда өзінің аймақтық бөлімшесін ашуды ойластырып жатыр.

Жалпы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында құны 22 миллиард доллар болатын 47 құжатқа қол қойылды.

Дөңгелек үстелге министрліктердің, ұлттық компаниялардың басшылары, АХҚО басқарушысы және қазақстандық бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Іс-шара аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қытайдағы ең ірі жеке медиа және инвестициялық конгломераттардың бірі Sun Seven Stars Investment Group компаниясының басқарма төрағасы У Чжэнді қабылдады.

Кездесу барысында қаржы, цифрландыру және онлайн-сауда салаларындағы инвестициялық ынтымақтастық, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығымен өзара іс-әрекет мәселелері талқыланды.

AIFC AI assistant