Елордада Отандық құқықтық жүйенің қалыптасуы және даму барысы талқыланды

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Нұрсұлтан Назарбаев Қорымен бірлесіп «Қазақстан Республикасы құқықтық жүйесінің қалыптасуы және дамуы (ұлттық дәстүр мен шетелдік тәжірибе)» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласының 23 жылдығына арналды.

Дөңгелек үстелге Нұрсұлтан Назарбаев Қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, Қазақстан Республикасының Әділет министрі Марат Бекетаев қатысты.

Кездесуге Нұрсұлтан Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары, АХҚО Заң академиясы Ғылыми кеңесінің мүшесі Игорь Рогов модератор болды.

Сұлтан Айтжанов құттықтау сөзінде: «Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихына республиканың жедел дамыған кезеңі, ішкі және сыртқы саясаттағы жарқын жетістіктері енеді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси кемеңгерлігінің арқасында республика қысқа мерзімде мемлекеттік басқару жүйесінің қызметін, экономика мен азаматтық қоғам институттарының дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа құқықтық негіз қалыптастыра алды», – деді.

Сұлтан Айтжанов «көптеген сарапшылар атап өткендей, құқықтық реформалардың қалыптасуы мен жүзеге асырылу қарқыны бойынша Қазақстан ТМД елдері арасында алдыңғы орындардың бірін иеленетінін» баса айтты.

Қайрат Келімбетов өз сөзінде: «Еліміздің құқықтық жүйесін қалыптастыруда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың керемет стратегиялық көзқарасы ерекше рөл атқарды. Ол осыдан 30 жыл бұрын құрған негізгі қағидалар құқықтық мемлекет құрып, заңның үстемдігін қалыптастыруға бағыт жасап берді. Қазақстанның құқық жүйесі үздік әлемдік тәжірибеге бағытталып қана қоймай, дамып келеді. Сонымен қатар, ұлттық экономиканың алдында тұрған шұғыл жаһандық сын-қатерлерге бейімделуде. Мұың жарқын мысалы – «Астана» халықаралық қаржы орталығы мәртебесінің негізгі заңында оның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында айқындалуы», – деді. 

Қайрат Мәми Елбасының құқықтық жүйені құрудағы басты рөліне тоқтала келіп: «Егемен елдің құқықтық жүйесінің дәйекті құрылысындағы барлық негізгі өзгерістер қолданыстағы Конституцияға сәйкес жүзеге асырылды. Конституцияға Республиканың Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болғанын бәрі біледі», – деді.

«Бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың жұмысын құқықтық саясат пен құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағыттап отыр», – деп қорытты Конституциялық кеңес төрағасы.

Франция Республикасы Әкімшілік сотының бұрынғы судьясы, Страсбург университетінің профессоры Патрик Доллаттың айтуынша, «Қазақстан Республикасы – өте білімді, шетелге саяхаттайтын және оқитын жастары бар ұлы мемлекет. Бұл ел өздерін құрметтеуімен және демократия мен заңның үстемдігіне негізделген мемлекет туралы заманауи тұжырымдаманы біріктіруімен Азияға үлгі бола алады».

Дөңгелек үстелге қатысушылар сондай-ақ еліміздің құқықтық саясаты тұжырымдамасының бағыттары, әлеуметтік-экономикалық және саяси салалардағы құқықтық реформалар, Қазақстанның тәуелсіздік алған сәттен бастап бүгінгі күнге дейінгі конституциялық-құқықтық дамуы жайында сөз қозғады. 

 

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы» (АХҚО) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылды. «АХҚО туралы» Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО-ның мақсаты – халықаралық қаржылық қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО-ның міндеттері – ел экономикасына инвестицияларды тартуға, қаржылық қызметтерге инвестициялау үшін тартымды ортаны құруға, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамытуға және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциясын қамтамасыз етуге көмектесу. www.aifc.kz 

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры – елдегі қызметі кәсіби басқару және барлық жобалардың жүйелілігі қағидаттарына негізделген коммерциялық емес ірі қор. Қор 2000 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен құрылды. Қор жұмысы дарынды жастарды қолдауға, әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, бәсекеге қабілетті сараптама-талдау орталығын дамытуға бағытталған. https://fnn.kz/ru 

AIFC AI assistant