Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысын қабылдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетовтің есебін тыңдады.

Кездесуде Мемлекет басшысының биылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру және экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы тікелей және портфелді инвестиция тарту жұмыстары кезінде өңірлік үйлестірудің маңызына ерекше тоқталды.

Қайрат Келімбетов Президентке Қаржы орталығының 2025 жылға дейінгі Даму стратегиясына сәйкес АХҚО жұмысын жаңғырту жайын баяндады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар нақты тапсырма берді.

 

Анықтамалық ақпарат:

2020 жылдың 2 шілдесінде АХҚО Басқару кеңесінің отырысы аясында Орталықтың 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды.

Құжатқа сай, АХҚО Орталық Азия, Кавказ, ЕАЭО, Батыс Қытай, Моңғолия мен Шығыс Еуропа елдеріндегі алдыңғы қатарлы қаржы орталығы болып қалыптасу көзделген.

АХҚО міндеті өңірдің ұзақмерзімді тұрақты дамуына ықпал ету. Мемлекет басшысы атап өткендей, «АХҚО өзінің теңдессіз мүмкіндіктерімен өңір елдерін байланыстырушы ерекше платформаға айнала алады».

АХҚО-ның тұрақты дамуының стратегиялық бағыттары жабық циклді экономика, қаржы технологиясы мен «цифрлық қаржы орталықты» дамытуды қамтиды.