Токенизацияланған бағалы қағаздар бойынша реттеу базасы АХҚО юрисдикциясында 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді
AFSA Астананың халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) токенизацияланған бағалы қағаздарды шығару және сауданы басқару үшін реттеудің кешенді режимін енгізуге арналған токенизацияланған бағалы қағаздарды (Security Token Offering Framework немесе STO) орналастыру бойынша АХҚО-ның реттеуші базасын әзірледі. Жаңа ереже AFSA-ның саланың алдыңғы шебіндегі позициясын одан әрі нығайтады, өйткені AFSA мұндай құқықтық базаны реттеушілер әлемінде алғашқылардың бірі болып қабылдады.
STO құқықтық базасы компаниялар мен инвесторларға қауіпсіз әрі реттелетін орта құруға ықпал ете отырып, токенизацияланған бағалы қағаздар саласындағы инвесторлардың анықтығын, құқықтық сенімділігін және қорғалуын қамтамасыз етеді.
Жаңа реттеуші база AFSA-дағы FinTech Lab («реттеуші құмсалғыш») қызметі арқылы алынған тәжірибеге негізделген, онда компаниялар өздерінің инновациялық идеяларын, соның ішінде токенизацияланған бағалы қағаздармен байланысты бастамаларын сынайды.
Бұдан басқа, жаңа жүйе үздік халықаралық тәжірибелер мен стандарттарға сәйкес келтіруге, АХҚО-ға жаһандық қаржы орталығы ретінде сенімді нығайтуға және ілеспе тәуекелдерді азайта отырып, цифрлық кеңістіктегі инновацияларға жәрдемдесуге бағытталған.
Токенизацияланған бағалы қағаздар нарығы қарқынды дамып, кең мүмкіндіктер ашуда. 2030 жылға қарай әлемде токенизацияланған бағалы қағаздармен сауда-саттық көлемі 162,7 трлн долларға дейін өседі деп күтілуде, ал осы құралдың жалпы эмиссия көлемі сол кезеңде 4 4 трлн-нан асады деп болжануда.
AFSA Заң кеңсесінің басқарушы директоры Исхак Берни: «AFSA—ның жаңа базасы эмитенттер мен инвесторларға халықаралық реттеу стандарттарына сәйкес үлестірілген реестрлер технологиясымен реттелетін бағалы қағаздарды шығару және сату варианттарын ұсынады. STO нақты уақыт режимінде ашықтық пен сауда ақпаратына қол жетімділікті арттыру үшін Blockchain технологиясын қолдана отырып, өтімділік пен тиімді баға мүмкіндіктерін тудырады», — деп атап өтті.
AFSA Қаржы технологиялары кеңсесінің басқарушы директоры Еркеғали Еденбаев: «Токенизацияланған бағалы қағаздар блокчейн технологиясына негізделгендіктен, олар транзакцияларды жеделдетуге және әкімшілік шығыстарды қысқартуға көмектеседі, бұл өз кезегінде оларды осы саладағы проблемаларға тап болып жүрген қазақстандық бизнес үшін капиталды тартудың экономикалық тиімді тәсілі етеді. Мысалы, бірнеше жыл бұрын «реттеуші құмсалғыш» аясында АХҚО-дағы токенизацияланған бағалы қағаздар биржаларының бірі небәрі 9 секундта 6,75 миллион еуро сәтті тарта білді. Жаңа қаржылық технологияларға, соның ішінде токенизацияланған бағалы қағаздар үшін жақсы реттелетін орта инвесторлар мен бизнес үшін үлкен әлеуетті білдіретіні анық», — деп пікір білдірді.
Реттеуші база АХҚО-ның қаржылық қызметтер бойынша негіздемелік ережелеріне, АХҚО-ның нарықтық қызмет туралы қағидаларына, АХҚО-ның лицензияланған нарықтық институттар жөніндегі қағидаларына, АХҚО-ның Бизнесті жүргізу туралы қағидаларына, АХҚО-ның ұжымдық инвестициялау схемалары туралы қағидаларына және АХҚО Глоссарийіне өзгерістер енгізу арқылы әзірленді, олар АХҚО сайтында жарияланған және 2024 жылғы 1 қаңтарда күшіне енеді.
Анықтамалық ақпарат:
Токенизацияланған бағалы қағаздар — үлестірілген реестр технологиясын немесе AFSA мақұлдаған басқа ұқсас технологияны қолдана отырып шығарылатын, берілетін және сақталатын бағалы қағаздың я болмаса бірліктің сандық көрінісі.
АХҚО Қаржы қызметтерін реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржы қызметтерін және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО тәуелсіз реттеушісі болып табылады. АХҚО ережелері қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
АХҚО-да 78 елден 2300-ден астам қатысушы компания тіркелген. Бұл компаниялар банктік, сақтандыру, инвестициялық, кәсіби және басқа қызметтерді ұсынады. АХҚО-да ұсынылатын қаржылық қызметтер спектрін Лондон, Гонконг, Сингапур, Дубай сияқты әлемнің бұрыннан қалыптасқан қаржы орталықтарындағы қолжетімді қызметтер тізімімен салыстыруға болады. www.afsa.kz
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу немесе жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. www.aifc.kz
Байланыс үшін:
Қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаменті
+7 (717) 264 73 43; +7 7172 61-37-45