«Астана» халықаралық қаржы орталығы GFCI 34 рейтингісінде көрсеткішін жаңартты

Z/Yen тәуелсіз сарапшыларының жаһандық қаржы орталықтарының жаңартылған рейтингісінде АХҚО 60-шы орынға көтеріліп, өз көрсеткішін жаңартты. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймақтарының 16 қаржы орталығының 11-і жаһандық тізімде төмендесе, Астана өңірдегі көшбасшылық позициясын нығайтты. Екінші және үшінші орындарда сәйкесінше Прага мен Таллин орналасқан.

Global Financial Centres Index (GFCI) рейтингісінің отыз төртінші басылымында барлығы 132 қаржы орталығы бағаланды, оның 121-і негізгі индекске кірді. Қаржы орталықтарының тізімдегі орны 147 экономикалық көрсеткіш және 9 мыңнан астам қаржы секторы мен аралас индустрия мамандарынан алынған 58 мыңнан астам баға негізінде жүргізілді. Көрсеткіштер келесі категориялар бойынша мәліметтерге негізделген: іскерлік орта (салық режимі, саяси тұрақтылық, макроэкономикалық жағдай, т.б.); қаржы секторын дамыту (капиталдың қолжетімділігі, нарықтың өтімділігі, экономикалық әлеует); адами капитал (еңбек нарығының икемділігі, бейіндік білім беру деңгейі, т.б.); инфрақұрылым (көлік, цифрлық инфрақұрылым, инфрақұрылымды дамытудың тұрақтылығы); бедел (қаланың имиджі, инновациялардың даму деңгейі, мәдени әртүрлілік және т.б.).

Макро көрсеткіштерді Дүниежүзілік банк, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Біріккен ұлттар ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік экономикалық форум, Дүниежүзілік биржалар федерациясы, The Economist және басқалар сияқты жетекші халықаралық ұйымдар ұсынады.

Соңғы 16 жыл ішінде GFCI әлемдегі жетекші қаржы орталықтарының жетістіктерін көрсететін жылына екі есеп шығарады.

Астана бұл рейтингке алғаш рет 2018 жылдың наурыз айында кірді. Елордамыз Астананың GFCI рейтингісіне кіруіне инвесторлар мен бизнес үшін қаржы хабы ретінде әрекет ететін әрі Орталық Азияда және одан тыс жерлерде компанияларды дамыту үшін экожүйені ұсынатын АХҚО-ның жұмыс істеуі ықпал етті. GFCI көрсеткіштерінде Астана қаласының өңірдегі көшбасшылық позициясы басқа қаржы орталықтары арасындағы беделін көрсетеді.

 

Анықтамалық ақпарат:

«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) – бизнесті ашу немесе жүргізу, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру, Қазақстан экономикасын дамыту үшін қолайлы құқықтық әрі реттеуші ортасы және дамыған инфрақұрылымы бар тәуелсіз юрисдикция. aifc.kz

AIFC AI assistant